Атырауға жаңа әкім келді

30.09.2026 • 11:47 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Атырауға жаңа әкім келді
357
Фото: gov.kz

Шәкір Кейкін қызметінен кеткеннен кейін Атырау қаласына жаңа әкім тағайындалды. Қаланы бұған дейін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған Данияр Таханов басқарады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Атырау қаласының әкімі лауазымына Данияр Таханов тағайындалды», — делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Жаңа әкімге жүктелген міндет аз емес. Болат Ақшолақов халықты толғандырған мәселелерді жүйелі шешуді тапсырып, жұмыспен қамтуға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңартуға баса назар аударуды міндеттеді. Жылыту маусымы, тұрғындарды апатты үйлерден көшіру, қоғамдық қауіпсіздік пен қаланы көркейту де осы қатарда. Облыс әкімі қала мәселелерін депутаттармен және тұрғындармен тығыз байланыста шешу керегін атап өтті.

Атыраудың жаңа әкімі кім?

Данияр Таханов 1985 жылғы 26 наурызда Атырауда дүниеге келген. Бейжіңдегі Қытай мұнай университетін «Өндірістік-коммерциялық басқару» және «Өндірістік экономика» мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының түлегі.

Еңбек жолын 2009 жылы «ҚазҚұрылысСервис» АҚ-да бастап, түрлі қызмет атқарған. 2012 жылы «Sinopec Engineering» компаниясының Қазақстандағы филиалында инженер болып жұмыс істеген.

2012–2017 жылдары «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары және «Atyrau Innovations» ЖШС директоры болған. 2017 жылдан «Атырау» ӘКК» АҚ-да басқарма төрағасының орынбасары, кейін басқарма төрағасы қызметтерін атқарған. 2022 жылғы мамырдан осы тағайындауға дейін аталған корпорацияны басқарған.

Айта кетейік, Атыраудың бұрынғы әкімі Шәкір Кейкін 14 қыркүйекте өз еркімен қызметінен кеткен еді. Ол қаланы 2023 жылғы шілдеден бері басқарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий