Атыраулық қыздар блогерді зиратқа апарып аяусыз соққыға жыққан

Атырауда блогерді зиратқа апарып, ұрып-соққан, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Атыраулық блогер Құралай Болатова жантүршігерлік жағдай туралы үндеу жасады.
Айтуынша, ол Ыстамбұлға турды жарнамалауға келісіп, өзі де 100 мың теңге алдын ала төлеген. Алайда сапар орындалмаған, ал ақшасын қайтаруды талап еткен кезде оған қоқан-лоққы жасала бастаған.
Құралай Болатова атап өткендей, 3 қазан күні кешке турды ұйымдастырған қыздар оны «сөйлесеміз» деген сылтаумен кездесуге шақырып, блогерді қала сыртындағы зиратқа апарған. Сол жерде олар блогерді ұрып-соғып, қорлаған.
Атырау облыстық полиция департаменті осы жайтқа қатысты пікір білдірді.
«4 қазан күні 25 жастағы атыраулық тұрғын полицияға өзіне таныстары дене жарақатын салғаны жөнінде арызбен жүгінді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы барлар анықталып, полицияға жеткізілді.Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде», - делінген полиция хабарламасында.
Полицияның мәліметінше, бейнебақылау жазбалары мен куәгерлерден жауап алынған, беттестіру шаралары өткізілуде.
«Арызданушының барлық уәжі толығымен тексеріледі, әрбір қатысушының іс-әрекетіне заң аясында баға беріледі», - деп атап өтті полициядағылар.
Соңғы жаңалықтар





