«Аузы күйген үрлеп ішеді»: Ақбота-Нұр неге тұрмыс құруға асықпай жүр?
Әнші Ақбота-Нұр Сейітмағамбет «Соңғы махаббат» фильміне арналған парақшаға берген сұхбатында жеке өміріне қатысты маңызды ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz
Өнер иесінің айтуынша, қазіргі таңда тұрмыс құруға асықпайды. Бұған басты себеп екі баласының жауапкершілігі мен ана ретінде сезінетін алаңдаушылығы.
— Шүкір, екі балапаным бар, өсіп жатыр. Қандай да бір қарым-қатынасқа немесе тұрмысқа шығуға асығыс емеспін. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді ғой. Балалы болған соң бәріне тереңірек қарайсың. Болашақ жарымды балаларым қалай қабылдайды, ара-қатынасымыз қалай болады деген сұрақтар жиі мазалайды, — дейді әнші.
Ақбота-Нұр кейде бойын уайым мен қорқыныш сезімі билейтінін де жасырмады. Дегенмен ол өзін өмірге сеніммен қарайтын, болашағына үмітпен қарайтын жан ретінде сипаттайды.
— Егер ажырасып, жалғыз болсам, бәлкім бұлай қорықпас па едім. Бірақ екі балам болған соң жауапкершілік те екі есе. Соған қарамастан, бес баласымен де бақытты болып жүрген әйелдер бар. Жасым да келген жоқ, отызға толған жоқпын. Жұмысым бар, өз-өзіме жауап бере аламын. Негізі, кез келген ердің бағын жағатын қызбын, — деді ол.
Сұхбаттан кейін желі қолданушылары әншіге жылы лебіздерін білдіріп, қолдау көрсетті.
«Бақытты болыңыз», «Өте сұлу жансыз», «Әр әйел бақытты болуға лайықты», «Алла бармақтай бақ берсін» деген пікірлер жазылды.
Соңғы жаңалықтар