"Аяғысы келеді": Дариға Бадықова әсерлі жазба жариялады

11.11.2025 15:34 Мөлдір Талғат
0
303
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Дариға Бадықова

Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде өз өмірлік ұстанымы мен ішкі әлемі жайлы ой толғаған жазбасын жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Өнер иесі бұл жолы әйелдің мықтылығы, тәуелсіздігі және қоғамның оған деген көзқарасы туралы шынайы пікірін білдірді.

Ол өзінің жазбасында былай деп бөлісті:

"Мықты әйелдер ешкімге ұнамайды. Өйткені олар ешкімге жүгінбейді. Ешкімнен ештеңе күтпейді. Бәрін өз күшімен, өз жүрегімен жасайды. Мен де сондаймын... “Мынаны тауып бер, ананы алып бер” деп сұрауды білмеймін. Біреуден бірдеңе сұрап, телміріп отыру – маған жат. Мен үшін өмір – ортақ кеңістік, ал мен – бөлісуді, пайдалы болуды сүйетін жанмын. Бірақ... Неғұрлым бөліскен сайын, соғұрлым жалғызсырауың мүмкін. Мықтыларды бәрі түсіне бермейді.”

Бадықова бұл ойынан кейін өнер мен өмір жолындағы қиындықтарды да тілге тиек етті. Ол мықты әйелдің қоғамдағы бейнесі жиі сын мен түсінбеушілікке ұшырайтынын ашық айтты:

"Өнерде де, өмірде де, қолпаштайтындардан гөрі сынайтындар көп… Мықты әйел сыңарының алдында да, бірінші орында болмайды. Өмір заңдылығы: адамдар мүсәпір болсаң – жұбатқысы келеді, жертва болсаң – аяғысы келеді, ал мықты болсаң – онша ұнатпайды. Мықты әйелді көпшілік түсінбейді. Оны мақтамайды, жақтамайды. Себебі мықты әйел – айна, әркімнің өз әлсіздігін өзіне көрсетіп қояды.”

Жазбасының соңында актриса өз күшінің қайнар көзі мен рухани беріктігі туралы ой қосты. Ол өмірдің сынақтарына төтеп беруге жігері мен намысы жететінін атап өтті:

"Менің күшім – Құдайдың сыйы. Әлсіздігімді көрсетуге намысым жібермейді. Намысшылдығым мені тәуелсіз етті. Иә, мен мықтымын. Ешкімге көрсетпей жылап алатын сәттерді санамағанда..." — деп түйіндеді Дариға Бадықова.

Актрисаның бұл жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, оқырмандар арасында үлкен қолдау тапты. Көпшілік оның батыл да шынайы сөздерін әйелдердің рухын көтеретін шабытты ой ретінде қабылдап, Дариғаның өмірлік ұстанымына құрмет білдірді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий