Әйел адамның мешітте намаз оқуына рұқсат па

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің ресми парақшасында «әйел адамдардың мешітте намаз оқуына бола ма?» деген сұраққа жауап беріп, пәтуа шығарған.
«Негізі әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуының оқасы жоқ. Бірақ үйінде оқығаны абзал», - деген мүфтият Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы» деген сөзін келтірген.
Мүфтияттың жазуынша, ханафи мәзһабының ғалымдары фитнаға (бұзақылық) түсіп қалу қаупі болғандықтан жас әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуын мәкруһ санаған.
«Себебі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы», – деген. Ал жасы үлкен қарт әйелдердің таң және ақшам мен құптан намаздарында мешітке баруына болады. Бұл имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Өйткені ниеті бұзақылар бесін мен екінті намазында қаптап жүреді. Ақшам намазында кешкі асын ішумен әлек, таң намазы мен құптанда ұйқыда болады дейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша қарт әйелдер барлық парыз намаздарда мешітке бара алады. Алайда мешітте әйелдерге арналған бөлек жер болса және ол жерге барар жол да көпшілікке көрінбейтіндей болса оқасы жоқ. Басты мақсат әйелдің абыройы мен қоғамда түрлі бүліктердің тууына жол бермеу», - деп жазады мүфтият.
Соңғы жаңалықтар





