“Айгүл” ансамблінің мүшесі өмірден озды

09.09.2026 09:38 Мөлдір ҚАЙНАР
“Айгүл” ансамблінің мүшесі өмірден озды
330
Фото: әлеуметтік желі

Танымал әнші-композитор, білім беру ісінің үздігі, профессор Ағайша Исағұлова 83 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ағайша Исағұлова 1945 жылы Алматы облысының Ескелді ауданында дүниеге келген. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітіріп, өмірінің соңына дейін осы оқу орнында ұстаздық қызмет етіп, профессор атанды. Кәсіби музыкант әрі сирек кездесетін колоратуралық сопрано дауысының иесі 1968 жылы дүниежүзіне танымал болған аты аңызға айналған «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі болды. Кейін «Шаттық жыры» ансамблін және күні бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан «Өнер – жастан» студенттік опера театрын құрды.

Көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаев кезінде өнер иесінің талантын ерекше бағалаған.

"Мен қазақтың екі-ақ қызын білемін. Біріншісі — Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы еді, екіншісі қарындасым Ағайша — баянда ойнап ән айтады. Бұл қыздар елімізге келген біртуар таланттар ғой", – деген еді Дінмұхаммед Қонаев.

Композитор ретінде ол Жұматай Жақыпбаевтың сөзіне жазылған «Көкпар» әні үшін республикалық байқаудың бас жүлдесін алып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Әлемнің бірнеше елінде өнер көрсеткен қайраткер Ескелді және Кербұлақ аудандарының «Құрметті азаматы» атағын иеленген. Ал 2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий