Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдікті күйеуі Мәскеуде студенттерге сабақ беріп жүр

11.06.2026 11:04 Мөлдір ҚАЙНАР
Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдікті күйеуі Мәскеуде студенттерге сабақ беріп жүр
188
Фото: әлеуметтік желі

Ресейде Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іс бойынша басты күдікті саналатын Александр Донцовты жұмыстан шығаруды талап еткен шағым түсті. Бұл туралы ресейлік БАҚ хабарлады.

Шағым авторы Донцовтың Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университеті – Жоғары экономика мектебінде (НИУ ВШЭ) ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуіне қарсылық білдірген.

«Тергеу материалдары мен қылмыстық іс деректеріне сәйкес, Айгүл Сайлыбаеваны азаптап өлтіру ісі бойынша басты күдікті – оның күйеуі Александр Донцов. Осындай ауыр қылмысқа күдікке ілінген адамның университетте жұмыс істеуі студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне қатер төндіреді әрі оқу орнының құндылықтарына қайшы келеді», – делінген шағымда.

Әлеуметтік желі қолданушылары да университет басшылығының әрекетсіздігіне наразылық білдіруде.

«Погребижскаяның шығарылымынан кейін де бұл кісілер туралы университетке бірнеше рет жазылды. Басшылықтың бұл жағдайдан хабардар екеніне сенімдімін. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай шара қабылданған жоқ», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы:

«Собчактың зерттеуінен кейін қоғамдағы резонанс күшейіп, кінәлілер ақыры жауапқа тартылады деп үміттенеміз», – деген пікір қалдырған.

Еске салайық, Айгүл Сайлыбаеваның өлімі Ресей мен шетелдік ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған. Бұрын Қазақстанда судья болып қызмет атқарған әйелдің мәйіті Германиядағы Эрлахе көлінің маңынан табылған. Қаза тапқан кезде ол жүктіліктің 24-аптасында болған. 

Войдите, чтобы оставить комментарий