«Айқай-шу шығарып, балағаттайтын әйелдер бар»: Димаштың анасы Тоқаевтың сөзіне қосылып, нәзік жандыларды әдепке шақырды

Танымал әнші Светлана Айтбаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қоғамдық орындарда айқай-шу шығаратын әйелдерге қатысты айтқан пікірін қолдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Ашығын айтуымыз керек, қазір адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс», – деді Президент.
Димаштың анасы президенттің сөзіне қосылып, әйелдерді әдепке шақырып, әлеуметтік желіде пост жазды.
«Мәдениет пен әдеп, тәлім мен тәрбие әрбір азаматтың отбасынан басталуы керек. Қанша қайталап айтсақ та артық болмайтын тақырып. Президент мәдениет пен әдепті тектен текке қосақтап айтқан жоқ. Мәдениеттің ең бірінші белгісі –әдеп. Өкінішке қарай, «әдеп»деген әдемі ұғымның мәнін түсінбей, әдептілік деген қасиеттен ажырап бара жатырмыз. Президент жол бойындағы, көшедегі, қоғамдық орындардағы дарақылық, тәртіпсіздік туралы айтып өтті. Расында да өте оғаш көрінетін жайттар. Ал, әлеуметтік желілердегі «ұят, әдеп» дегендерді ұмытып, неше түрлі балағат сөздер айтып, көргенсіздік көрсетіп отырғандар қаншама?! Солардың ішінде, жасыратыны жоқ, басым көпшілігі – әйелдер. Президент Жолдауының осы бір жерін өз басым, төмен қарап отырып тыңдадым. Түсіне білген жанға сүйектен өтер сөз айтылды. «Әйелді әдепсіздік құртады» деген екен академик Сергей Капица. Ұлт ертеңі, ұрпақ болашағы мықты болу үшін ең алдымен әйел-ана арлы, әдепті, білікті, білімді болуы керек. Сонда ғана тәрбие қонып, ұрпақ ұлағатты, отбасы мықты болмақ. Озық ойлы ел боламын десек, ең бірінші өзіміз дұрыс болайық», – деп жазды Света Айтбаева.
Соңғы жаңалықтар





