Аза тұту күні TikTok-та билеген петропавлдық блогер 10 тәулікке қамалды

29.09.2026 • 17:15 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Аза тұту күні TikTok-та билеген петропавлдық блогер 10 тәулікке қамалды
318
Суретті СҚО ПД табыстады

Петропавлдық Ирина Антоненконың қаралы күнгі биі мен көрермендерге айтқан жауабы әлеуметтік желіде наразылық туғызды. Полиция бастапқыда ескертумен шектелгенімен, кейін іс сотқа жетіп, блогер жұмысынан да кеткен, деп хабарлайды Politico.kz.

25 қыркүйекте 42 жастағы Антоненко TikTok-та тікелей эфирге шығып, көңілді әнге билеген. Көрермендер сын айтқанда, қаза тапқандарды танымайтынын, сондықтан жоспарын өзгертпейтінін жеткізген. Бейтаныс адамдар үшін қайғыруды мағынасыз деп атаған.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті тексеру жүргізіп, жиналған материалдарды сотқа жолдағанын хабарлады.

«29 қыркүйекте сот әйелге ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулік әкімшілік қамау тағайындады. Фактіге заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ», деп мәлімдеді полициядан тілшімізге. 

Желі қолданушылары Антоненконы жазалауды талап етіп, Шымкенттегі ұқсас оқиғаны мысалға келтірген. Онда 21 жастағы Нұрахмет Бердібай 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, эфирдің тағы екі қатысушысы профилактикалық есепке қойылған.

Ал Антоненко полицияның алғашқы ескертуінен кейін кешірім сұраған видео жариялап, қамауға отыруға немесе айыппұл төлеуге дайын екенін айтқан. Оның сөзінше, сотқа дейінгі күні жұмыстан шығу туралы өтініш жазуға мәжбүр болған. Ол Петропавлдағы медициналық мекемелердің бірінде санитар болып істеген.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде бір топ әскери қызметшіні теңізге алып кетіп, 14 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий