«Ажырасып кеттіңіз бе?»: Баян Алагөзованың қызы күйеуі мен балалары туралы ашық айтты

Белгілі продюсер Баян Алагөзованың қызы, блогер Айсәуле Бақытбек, желідегі оқырмандарынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Көпшілік оның Instagram парақшасында күйеуі мен балаларының суреттері жоқ екенін байқап, отбасында бір мәселе бар деп болжаған еді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алайда Айсәуле бұл сыбыстарды жоққа шығарды.
«Бұл сұрақты екінші рет қатарынан қойып жатыр. Әрине, бұл – жаңа оқырмандар шығар. Ал бұрыннан мені білетіндер күйеуімнің стористе көрінбеуі – қалыпты жағдай екенін біледі. Мен жай ғана отбасымды көрсетпеймін. Құдайға шүкір, бәрі жақсы», – деді блогер.
Ол сондай-ақ не себепті балаларының суреттерін жарияламайтынын да түсіндірді.
«Егер олар өскенде мұны қаламаса ше? Ал жүз мыңдаған бөтен адамдар олардың түрін, қалауын, жеңіс пен жеңілісін біліп қояды ғой.
Шынымды айтсам, ересек адамдардың бөтен балаларды көруге құмарлығы біртүрлі көрінеді. Балаларымның қайда оқитынын, қандай үйірмеге баратынын миллион адам білгенін қаламаймын. Олар – бала. Әлеуметтік желінің өзі бізді, ересектерді, шаршатады, ал балаларға мүлде орын жоқ деп ойлаймын», – деді Айсәуле.
Ол кейбір ата-аналардың балаларының жеке сәттерін, тіпті горшокқа отырған кездерін видеоға түсіріп, жариялауын сынға алды.
«Ойланып көрдіңіздер ме, өскенде балаларыңыз ондай видеоларды біреулер көргенін қалай ма? Кейбіреулер «балам өзі түсіргісі келеді» дейді, бірақ үш жастағы бала Instagram дегеннің не екенін түсіне ме?» – деп қорытындылады блогер.
Айсәуле Бақытбек өз отбасында бәрі жақсы екенін, тек олар жеке өмірін көпшілік назарына шығарғысы келмейтінін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





