"Бала Жамбыл" неге жоғалып кетті? Ақын өмірін өзгерткен қайғылы жағдайды айтты

01.07.2026 11:39 Мөлдір ҚАЙНАР
531
Фото: коллаж politico.kz

Көпшілікке “Бала Жамбыл” есімімен танылған жас ақын Жамбыл Дүйсенов журналист Жылқышыбайға берген сұхбатында соңғы жылдары не себепті өнерден және халық көзінен тасада қалғанын ашық айтты. Оның сөзінше, бұған отбасында орын алған орны толмас ауыр қаза мен содан кейін басталған терең күйзеліс себеп болған. Ақын өмірінің күрт өзгерген сәті мен ішкі арпалысын жасырмай жайып салды, деп хабарлайды Politico.kz ozgeris.info сайтына сілтеп.

Жамбыл Дүйсенов 2020 жылы өзіне өте жақын болған әпкесінен айырылып, бұл жағдай бүкіл отбасына ауыр соққы болып тигенін жеткізді.

​“2020 жылы өмірімді күрт өзгерткен жағдай болды. Мойныма таққан тұмарымдай болған жалғыз әпкемнен, сырласымнан, ең жақын адамымнан айырылып қалдым. Осы жағдайдан кейін өзімді тастап жібердім. Жұмыстан да шығып кеттім. Тек үйде жаттым, жылай беретінмін”, – деді ол.

​Жас ақын Қытайдан келіп, диплом жұмысын жазып жүрген әпкесінің кенеттен қайтыс болуы оны әлеуметтік желілерден де, айналасындағы адамдардан да толықтай алыстатқанын айтады.

​“Әпкемнің қазасы барлық отбасымызға өте ауыр тиді. Әлеуметтік желіні ұмыттым, ешкіммен байланыспадым, ешкіммен араласпадым”, – деді Бала Жамбыл.

​Осындай ауыр кезеңде жас ақынның ес жиып, өзін қайта қолға алуына жалғыз себеп – анасының денсаулығы мен жағдайы болған. Әпкесінің қазасынан кейін анасының да күйзеліске түсіп, төсек тартып жатып қалуы оған үлкен жауапкершілік жүктеген.

​“Өзімді қолға алған бірінші себеп – анам. Әпкем қайтқан соң анам мүлде жатып қалды. Менімен қоштаса беретін болды”, – деді ол.

​Бұған дейін де, дәлірек айтсақ 2016 жылы өзін бағып-қағып, тәрбиелеген ардақты әжесінен айырылған Жамбыл бұл жолы бүкіл отбасының тауқыметі өз мойнына түскенін жасырмады.

​“Өмірімдегі ең жақын екі адам – әжем мен әпкем еді. Әжемнің тәрбиесімен өттім. Барлық отбасымыз маған қарап қалды. Әкем де жұмыстан шығып кеткен”, – деді Жамбыл.

​Ең қиын сәттерде жас дарын өмірден мүлдем түңіліп, тіпті осы дүниеден біржола күдер үзген кездерін де жасырмай, ағынан жарылды.

​“Әпкем қайтқаннан кейін өзіме суицид жасамақ болғаным рас. 10 жыл бойы ақындығымды да тастап кеттім. Өйткені бұл өмірден көңілім қалып, күдер үзген сәт болды. Бірақ олай болмайтынын түсіндім. Тек өзімді ойлап кетіп қалсам, әулетім жылап қалады”, – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий