"Жігіт жанып жатқанда, қымызбен өшірмек болған" - Кентауда кафедегі жарылыстан қаза тапқан жігіттің туыстары

14.01.2026 11:41 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
0
146
Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысы Кентау қаласында қымызханада болған газ жарылысы тағы бір жас өмірді жалмады. Денесінің 90 пайызы күйген 20 жастағы аспаз Бақдәулет Мұса сегіз күн жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 1 қаңтар күні болған. Жарылыс салдарынан оқиға орнында 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы қаза тапса, ауыр халде ауруханаға жеткізілген Бақдәулеттің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Марқұмдардың көктемде шаңырақ көтеруді жоспарлап жүргені жақындарының жанын одан сайын жаралады.

Stan.kz мәліметінше, жарылыстан бір күн бұрын ғана, 30 желтоқсанда 20 жасқа толған Бақдәулетті сүйіктісі Дана мен достары қымызханада құттықтаған. Алайда арада бір тәулік өткенде сол жұмыс орнында газ баллоны жарылып, жас жұптың арманы күл-талқан болды.

Марқұмның әжесі Қалдыкүл Ахметованың айтуынша, дәрігерлер бастапқыда Бақдәулеттің жағдайы тұрақталғанын жеткізген.

«Үміттеніп отырған едік. Жақсарып келеді деген соң сеніп қалдық. Бірақ 9 қаңтар күні түнде қаралы хабар жетті. Көктемде үйленеміз деп жоспарлаған еді. Армандары орындалмай қалды», – дейді ол.

Бақдәулет – алты баланың төртіншісі. Футболмен айналысқан, түрлі жарыстарда жүлде алған. Шымкенттегі жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алып жүрген үшінші курс студенті дәмханаға небәрі бір ай бұрын аспаз болып орналасқан екен.

Марқұмның туыстары дәмханада өрт қауіпсіздігі талаптары өрескел сақталмағанын айтады.

«Өрт сөндіргіш те, қарапайым құралдар да болмаған. Жігіт жанып жатқанда, үстіне қымыз құйып өшірмек болған. Бұл – салғырттықтың салдары. Құзырлы органдар қайда қараған?» – дейді туысы Мәди Ахметов.

Ресми дерекке сәйкес, жарылыс салдарынан екі адам қаза тапты, тағы үш адам ауруханада ем алып жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Төтенше жағдайлар департаменті газ-ауа қоспасының жарылысы көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында болғанын растады. Өрт құтқарушылар келгенге дейін өршіп, кейін жедел сөндірілген

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий