Судья қандай болуы керек? Ақтау қалалық соты төрағасымен сұхбат
Судья да – адам. Оның да сезімі, жеке көзқарасы, туған-туысы бар. Бірақ сот залында осының бәрінен биік тұратын бір ғана құндылық бар. Ол – заң. Ақтау қалалық сотының төрағасы Айнұр Қызылбаева Politico.kz тілшісіне берген сұхбатында судьяның қандай қасиеттерге ие болуы керектігін, сыртқы қысымға қалай төтеп беруі қажеттігін және сот төрелігіндегі адамгершіліктің маңызын әңгімеледі.
Сот төрелігін атқару – заңды жатқа білумен шектелетін қызмет емес. Бір ғана шешім адамның бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін. Сондықтан Айнұр Қызылбаева судьяның кәсіби біліктілігімен қатар, оның ішкі беріктігіне де ерекше мән береді.
Фото: Маңғыстау соттары
Әсіресе қоғам назарындағы істерді қарағанда судьяға артылатын жауапкершілік еселене түседі. Мұндайда жұрттың пікірі, сырттан айтылған сөз бен жеке сезім заңнан үстем тұрмауға тиіс.
«Менің ойымша, нағыз әділдік – ешкімге жалтақтамай, ешкімді алаламай, заңға сүйене отырып шешім қабылдау. Судья үшін ең басты қағида – жеке мүддеден жоғары тұратын заң мен әділдік болуы керек. Осындай ұстаным ғана сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтып, азаматтардың мемлекетке және заңға деген сенімін арттырады», – дейді Айнұр Қызылбаева.
Сот төрағасының айтуынша, лауазымына, қоғамдағы орнына қарамастан, әр азаматтың сот алдында құқығы тең. Таныстық пен туыстықтың да сот шешіміне ықпалы болмауы керек. Ал судьяға қойылатын әдеп талаптары оның қызметімен ғана шектелмейді. Күнделікті өмірдегі жүріс-тұрысы да маңызды. Өйткені жұрт судьяның іс-әрекетіне қарап, тұтас сот билігіне баға береді.
Судья сезімге берілмеуі керек
Айнұр Қызылбаева сұхбат барысында судья қызметінің көпшілік біле бермейтін бір қырына – күрделі істерді қарау кезіндегі психологиялық төзімділікке де тоқталды.
Судьяның алдында тағдыры таразыға түскен адамдар отырады. Әрқайсысының өз шындығы, өз уәжі бар. Осындайда сабыр сақтап, істің ақ-қарасын ажырату, асығыс байлам жасамау аса маңызды.
«Бір тараптың сөзіне немесе қоғамдық пікірге сүйеніп, асығыс қорытынды жасауға болмайды. Әрбір дәлелдемеге заң тұрғысынан баға беріліп, шешім тек объективті деректер негізінде қабылдануы тиіс», – дейді сот төрағасы.
Оның пайымынша, жақсы судьяға терең біліммен бірге ұстамдылық, сабырлылық, саралай білу қабілеті және әділдікке деген берік ұстаным қажет.
«Менің пайымдауымша, әділ шешім қабылдау үшін кәсіби білімнің өзі жеткіліксіз. Оған қоса адамгершілік, ар-ождан және жауапкершілік қатар жүруі керек. Өйткені нағыз әділдік – істің барлық қырын саралап, ешкімді алаламай, заңға сәйкес шешім шығару. Бұл – судьяның қоғам алдындағы ең басты міндеттерінің бірі», – деді Айнұр Қызылбаева.
Заңның қаталдығы адамгершілікті жоққа шығармайды
Сұхбаттағы тағы бір көңілге қонымды ой – сотқа келген азаматтармен қарым-қатынас мәдениеті.
Айнұр Қызылбаева сотқа жүгінген әр адамның сөзін тыңдап, оған құрметпен қарау қажеттігін айтады. Өйткені ешкім соттың табалдырығын еріккеннен аттамайды. Бірі құқығын қорғамақ болса, енді бірі әділдік іздеп келеді.
«Адамгершілік пен ізгілік сот төрелігінің әділдігіне қайшы келмейді, керісінше, оның мәдениетті әрі өркениетті түрде жүзеге асуына ықпал етеді», – дейді ол.
Сот төрағасы азаматтарға құрмет көрсету, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сыпайы сөйлесу сот қызметкерлеріне де ортақ міндет екенін атап өтті.
Айнұр Қызылбаеваның әңгімесінен аңғарғанымыз – судьяның шеберлігі заңды қаншалықты жетік білетінінен ғана емес, сол заңды ешкімге жалтақтамай қолдана білуінен де көрінеді. Ал әділдік іздеп келген адамның сөзін тыңдай білу – судья бойындағы адамгершіліктің бір өлшемі.
Сұхбаттың жалғасы бар.
Соңғы жаңалықтар