Балабақша қызметкерлері қаза тапқан апат тағы бір адамның өмірін қиды

Балабақша қызметкерлері қаза тапқан апат тағы бір адамның өмірін қиды
Фото: Бейнеден кадр

Солтүстік Қазақстан облысында үш балабақша қызметкерінің өмірін қиған жантүршігерлік жол апатынан тағы бір адам көз жұмды. Бес күн бойы дәрігерлер өміріне араша түскен 57 жастағы әйел 20 қазан күні таңертең ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл ақпаратты Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Марқұм жол апатынан кейін Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына жеткізілген. Ауыр жарақат алған әйел 5 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оған бірнеше сағатқа созылған күрделі ота жасаған. Алайда барлық әрекетке қарамастан, әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Осылайша, 15 қазанда болған жол апатынан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті.

Бес адамның біреуі ғана тірі қалды

Апатқа ұшыраған Audi көлігіндегі бес адамның жалғыз аман қалғаны – 20 жастағы жүргізуші. Ол М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің төртінші курс студенті.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2006 жылы туған жігіт қазір аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты, ауырлығы орташа деп бағалап отыр. Жас жігіттің миы шайқалған.

Бес көлік соқтығысқан

Еске салайық, қайғылы оқиға 15 қазанда таңғы сағат 08:00 шамасында Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Кременчуг ауылы маңында болған.

Республикалық маңызы бар тасжолда бірден бес көлік соқтығысқан. Олардың үшеуі жеңіл автокөлік болса, қалған екеуі – КамАЗ жүк көліктері.

5 адам отырған Audi екі жүк көлігінің арасында қатты соққы алған.

Апат салдарынан жеңіл көліктегі үш жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Кейін олардың Жамбыл ауданындағы балабақша директоры мен екі тәрбиеші екені белгілі болды.

Ал 20 жастағы жүргізуші мен 57 жастағы жолаушы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Бүгін сол жолаушының да қайтыс болғаны белгілі болды.

Сол кезде Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы марқұм әйелдердің сапары жұмысқа қатысы жоқ, жеке шаруаларымен жолға шыққанын түсіндірген.

Полиция жол апатына байланысты екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуына әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу