"Балалар ұйықтап жатқан": Атырауда ер адам әйелін оқтаумен ұрып өлтірді
Атырауда әйелін оқтаумен бірнеше рет ұрып өлтірген 41 жастағы ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкім Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отырысында оқылды. Сот үкімін судья Тыныштық Нуримова шығарды.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Жаза өтеу мерзімі 2025 жылдың 19 тамызынан бастап есептеледі, ал уақытша ұстау изоляторында отырған әрбір күні жаза мерзіміне 1,5 күн болып саналады.
Айыпталушы соңғы сөзінде марқұмның ата-анасынан, жақындарынан және екі қызынан кешірім сұрағанын айтты. Ол жасаған ісіне қатты өкінетінін жеткізді.
Қайғылы оқиға осы жылдың 19 тамызында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, ерлі-зайыпты сол күні алкоголь ішіп, кейін жанжалға ұласқан. Қызғанышқа бой алдырған ер адам ас үйдегі оқтаумен әйелін аяусыз соққыға жыққан.
40 жастағы келіншек алған жарақаттарынан есін жимастан көз жұмды. Қанды оқиға кезінде отбасының екі кішкентай қызы жатын бөлмеде ұйықтап жатқан.
Соңғы жаңалықтар