«Балаларды мектеп емес, TikTok тәрбиелеп жатыр»: Депутат дабыл қақты

17.06.2026 15:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Балаларды мектеп емес, TikTok тәрбиелеп жатыр»: Депутат дабыл қақты
178
Фото: nutrilak.com

Бүгінде қазақстандық балалардың санасын мектеп пен ата-ана емес, TikTok алгоритмдері тәрбиелеп жатыр. Қазақтілді сапалы контенттің жоқтығы жай ғана мәдени олқылық емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатерге айналды. Мәжіліс депутаты Данабек Исабек Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваға жолдаған сауалында осы мәселені қатаң сынға алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, жасөспірімдердің виртуалды әлемге тәуелділігі шектен шыққан.

"Бүгінде Қазақстан үшін ең маңызды мәселенің бірі  – қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы. Бұл енді жай ғана мәдени мәселе емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік, идеология және келешек ұрпақтың дүниетанымы мәселесі. Бүгінде балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек-ақ. Әсіресе жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артады", – дейді Данабек Исабек.

Депутат бұл жағдайдың өте маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе екенін айтады.

"Олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға, бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі алгоритмдік ақпараттық ықпалдың ортасына түсуде. Бұл – өте маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Себебі дәл осы кезеңде балалардың ойлау жүйесі, мінез-құлқы, тілдік ортасы және құндылықтық бағдары қалыптасады", – дейді ол.

Халық қалаулысы өз сөзінде бұл тақырыптың ұлттық деңгейдегі маңыздылығын атап өтті.

"Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі балалар контенті, танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы агрессивті ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр. Нәтижесінде клиптік ойлау жүйесі күшеюде, ұлттық мәдени код әлсіреуде, шетелдік мәдени ықпал басым болуда,  қазақ тіліндегі сапалы цифрлық орта қалыптаспай жатыр", – деді депутат.

Данабек Исабек қазіргі ақпараттық заманда мемлекет шекарасы тек жермен емес ақпаратпен де қорғалатынын еске салды.

"Қазіргі ақпараттық заманда мемлекеттің шекарасы тек жермен емес, ақпаратпен де қорғалатынын түсінуіміз керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған мемлекеттер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияның негізгі алаңы ретінде қарастырады. Мысалы, Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпал қалыптастырса, Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды, ал Түркия тарихи сериалдар арқылы мәдени ықпалын күшейтіп отыр", – деп мәлімдеді депутат.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда көтерген тапсырмаларын еске салды.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ұлттық бірегейлік, мәдени саясат және ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып, ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеу міндетін нақты қойған болатын. Алайда қазіргі жағдайда балаларға арналған қазақша мультфильмдер аз, ғылыми-ағартушылық YouTube жобалары жеткіліксіз, қазақ тіліндегі IT және білім платформалары әлсіз, балалар психологиясына зиян контентке бақылау жеткіліксіз болып отыр", – дейді ол.

Жағдайды реттеу үшін Мәжіліс өкілі бірнеше нақты қадам ұсынды:

  1. Балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамыту бойынша ұлттық деңгейдегі нақты мемлекеттік стратегия қабылдауды; 
  2. Жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы профилактикалық және ағартушылық шараларды күшейтуді; 
  3. TikTok, YouTube, Instagram және өзге де цифрлық платформалардағы балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеу бойынша құқықтық және техникалық тетіктерді жетілдіруді;  
  4. Қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиажобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыруды ұсынды. 
Войдите, чтобы оставить комментарий