«Балаларым қалды»: 70 жастағы қандас әже Қазтесттен өте алмай, елде қалу мүмкіндігінен айырылды

«Балаларым қалды»: 70 жастағы қандас әже Қазтесттен өте алмай, елде қалу мүмкіндігінен айырылды
Фото: Бурахан Дадахановтікі/ коллаж politico.kz

Қоғам белсендісі Бурахан Даханов әлеуметтік желідегі парақшасында Қызылжардағы кеңсесіне көмек сұрап келген 70 жастағы қандас әженің құжат рәсімдей алмай отырғанын жазды деп хабарлайды Politico.kz.

Белсендінің айтуынша, ол ондаған қандастың анкетасы мен өтінішін толтырып, визаға өткізуге көмектескен. Алайда 70 жастағы кейуана қазақ тілінен Қазтест сынағын тапсыра алмағандықтан, құжаттары қабылданбай қалған.

«Елге жетіп, Қазтесттен өте алмай, Қызылжардағы кеңсеме кеп көз жасына ерік берген 70-тегі қандас апа. Ұлдары осында еді. «Балаларымның қасына келіп өмір сүремін» деп отырғанда, Қазтест деген бәле шығып, визаға құжаттары қабылданбай қалды. Тиісті жерлерге хабарласып, «қарт адам еді, қабылдайықшы» деп көріп едім, болмады. Осындағы ұлында да виза жоқ. Енді апаның 30 күндік уақыты өткен соң, амалсыз шекараға шығып келуі керек», — деді Бурахан Даханов.

Сонымен қатар белсенді дәл осы сынақтың кесірінен екі баласы Қазақстанда оқып жатқан тағы бір әйелдің қиын жағдайға тап болғанын жеткізді. Ол тестті тапсырып үлгергенімен, елдегі 90 күндік транзиттік мерзімінің аяқталуына 3 күн қалғандықтан, құжаттары қабылданбаған. Енді ол шекарадан шығарылса, елге кемі 4 ай кіре алмайды.

Еске сала кетейік, Қазақстанда қандас мәртебесін немесе тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін көші-қон әлеуетін бағалау аясында Қазтест тапсыру талап етіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл күрделі грамматикалық емтихан емес, күнделікті тұрмыста қазақ тілін түсіну мен қолдану деңгейін анықтауға бағытталған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу