Бала-шағамыздың болашағы үшін Қытайға жақын болуымыз керек – қазақстандық дипломат
Дипломат, әскери сала өкілі, генерал-майор, сондай-ақ 2011–2018 жылдары Қазақстанның Ауғанстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған Өміртай Бітімов «QASQA JOL» YouTube жобасында шетелде жүрген этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шетелде жүрген этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуға деген ұмтылысы айқын байқала бастады. Себебі Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі елдегі қоғамдық-саяси жағдай түбегейлі өзгерді.
«Ауғанстанда қыз балалардың болашағы жоқ деуге болады: оларды оқытпайды, сыртқа шығартпайды, қараңғы етіп тәрбиелейді, еркін өмір сүруіне мүмкіндік берілмейді. Сондықтан Ауғанстаннан елімізге келетін қандастарымызды бөлмей, қоғамға бейімдеп, өз ортамызға қосу қажет. Меніңше, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оларды елге әкелу керек. Өкінішке қарай, Иран мен Ауғанстаннан келген қазақтарды бізідкілер радикал деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Өз қандастарымыздан қауіп күтудің қажеті жоқ, оларды шеттетпеуіміз керек. Мен Ауғанстанда болған жылдары елде 50-ге жуық саяси партия болған, кейін олардың саны 150-ге дейін артты. Әрқайсысы халықты өз жағына тартуға тырысты, бірақ халық тыныш болмады. Демократия. Ал қазір тәліптер билікке келгеннен кейін ешқандай партия атаулы жоқ, есесіне елде демократия да жоқ, бірақ халқы тыныш.Қызық жағдай», – деді Өміртай Бітімов.
Сонымен бірге ол Қытайдан келген этникалық қазақтар туралы да өз пікірін ортаға салды.
«Біз кейде Ауғанстан мен Ираннан келген қазақтар секілді Қытайдан қоныс аударған қандастардан да қауіптенеміз. Неге? Азаматтық беру мәселесін біртіндеп қарастырған дұрыс. Алдымен тұрақты тұруға рұқсат беріп, елге бейімдеу қажет. Қазіргі таңда Қытайдан тікелей қауіп бар деп айта алмаймын. Керісінше, Қытай – бүгінде әлемдік держава. Олардың технологиясы мен экономикасы қарқынды дамып келеді. Қытайсыз біздің өміріміз қиындап кетеді. Сол себепті қауіптенудің қажеті жоқ. Қазіргі жағдай басқа. Үйренеріміз өте көп. Бұрындары біздің ең үлкен жауымыз Қытайдан келген қазақтар болатын. Себебі саясат солай болды. Ол кезде біздің жауымыз Қытай болатын. Ал қазір бізге жақын мемлекеттердің біріне айналды. Оны мойындау керек. Бала-шағамыздың болашағы үшін Қытайға жақын болу керек, себебі технология да, экономика да көз ілеспей дамып жатыр », — деді ол.
Соңғы жаңалықтар