Алматыда күніне 4 банка энергетик ішкен жас жігіт өлім аузынан қалды

 Алматыда күніне 4 банка энергетик ішкен жас жігіт өлім аузынан қалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Алматыда дәрігерлер күніне 4 энергетик ішкен жігітті өлім аузынан аман алып қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының хирургтері асқазаны тесіліп, аса ауыр халде түскен жас жігіттің өмірін сақтап қалды. Науқас ауруханаға ішінің төзгісіз қатты ауырсынуымен жеткізілген.

Медициналық тексеру нәтижесінде жас жігіттің асқазан ойық жарасының тесілгені (перфорация) және оның құрсақ қуысының өмірге аса қауіпті қабынуы – перитонитке ұласқаны анықталды.

«Тесілген ойық жара – асқазан қабырғасының бүтіндігі бұзылып, тесік пайда болатын ауыр асқыну. Бұл тесік арқылы асқазан құрамы құрсақ қуысына төгіліп, шұғыл қабыну үдерісін қоздырады. Мұндай ахуал кезінде секунд санаулы, науқасқа дереу шұғыл медициналық ота жасалуы тиіс», – деп түсіндірді аурухана хирургі Ілияс Сағиев.

Ақ халаттылар кідірместен ота жасауға кірісті. Хирургиялық ем барысында мамандар асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын толық санитарлық тазартудан өткізді. Ота ойдағыдай өтіп, жігіттің денсаулығы қалпына келген соң, ол амбулаториялық бақылауға шығарылды.

Науқастың өзі мойындағандай, ол бірнеше ай бойы күн сайын үзбей 3-4 банка энергетикалық сусын ішіп жүрген.

Дәрігерлер энергетиктерді шектен тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарының шырышты қабатын зақымдап, қыжыл мен жүрек айну секілді белгілерді өршітетінін ескертеді. Әсіресе гастрит пен ойық жарасы бар азаматтарға мұндай сусындар тікелей қауіп төндіреді.

«Нақты осы жағдайда ойық жараның тесілуіне тікелей энергетикалық сусындар себеп болды деп кесіп айту қиын. Дегенмен, мұндай сұйықтықтарды шектен тыс пайдалануға мүлдем болмайды, әсіресе асқазан-ішек жолында созылмалы сырқаты бар адамдарға қатаң тыйым салынады», – деп ескертті хирург Ілияс Сағиев.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу