Балқаштағы су аттракционында отбасының демалысы өліммен аяқтала жаздады

Балқаштағы су аттракционында отбасының демалысы өліммен аяқтала жаздады
14.08.2025 09:24
0
876
Сурет: Бейнеден кадр

Балқаш көлінде демалып жатқан отбасы су аттракционы қызметкерлерінің жауапсыздығынан суға батып кете жаздады, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

8 тамызда болған оқиғада «диван» деп аталатын ең қауіпсіз саналатын аттракционға мінген қыздарды катер жүргізушілері әдейі суға аударып, көмекке келмей, күліп қарап тұрған. Оқиғадан зардап шеккен екі қызға су жұтып қою салдарынан «аспирациялық пневмония» диагнозы қойылған, ал полиция оқиға орнына келмеген.

Зардап шеккен қыздың айтуынша, олар туыстарымен бірге демалуға келгенде, ең қауіпсіз деп санап, «диван» аттракционын таңдаған.

«Біз катерге жақындаған сәттен бастап, қызметкерлер әдепсіз әзілдер айтып, тиісе бастады. Біз бірден мұның қызық еместігін, жай ғана тыныш сырғанағымыз келетінін айттық. Арамызда жүзе алмайтындар барын бірнеше рет ескертіп, кенеттен бұрылмауды өтіндік. Олар болса, «Иә, иә, қауіпсіз, тезірек отырыңдар» деп күліп, үстімізге құтқару кеудешелерін асығыс іле салды», – дейді ол.

Сырғанау басында бәрі жақсы болғанымен, кейін катер қатты жылдамдықпен жүріп, қыздар бір-біріне соғылып, ауырсына бастаған. Олар «Жағаға! Болды! Тоқтатыңдар!» деп айқайлағанына қарамастан, жүргізушілер оларды тыңдамаған.

«Олар бізді тыңдамастан, әдейі кенеттен бұрылыс жасады да, бәріміз суға ұшып кеттік. Мен бірден жүзе алмайтын сіңлімнің қасына бардым, ол кеудешесі дұрыс киілмегендіктен суға батып бара жатыр екен. Мен оны дем алуы үшін басын судан шығарып ұстап тұрдым. Осы уақыттың бәрінде катердегі жігіттер біздің өмір үшін күресіп жатқанымызды көріп, күліп қарап тұрды, көмекке шақырған дауысымызға мән бермеді», – дейді зардап шеккен қыздың апасы.

Оның айтуынша, сіңлісі есінен танып, су астына кеткенде ғана жүргізушілердің бірі суға секірген.

«Сол сәтте катерде қалған екінші жүргізуші газды басты! «Диванды» бізге қарай тартып келе жатқан басқа сіңлімнің купальнигі арқанға оралып қалып, оны сумен сүйрете жөнелді. Ол кеудешесінің кесірінен басын көтере алмай, суға тұншығып бара жатты. Біз «Тоқта!» деп айқайладық, бірақ жүргізуші бұрылып та қарамады. Оны басқа сіңлім судан тартып шығарып, аман алып қалды», – деп еске алады ол.

Есінен танған қызды гидроциклмен келген құрбысының көмегімен жағаға алып шыққан.

Зардап шеккендердің айтуынша, олар полицияны оқиға орнына екі сағат күткен, алайда олар келмеген. Тек оныншы қоңыраудан кейін ғана «ауруханаға бара жатырмыз» деп жауап берген. Екі қызға өкпелеріне су кетуіне байланысты «аспирациялық пневмония» диагнозы қойылған.

Отбасы полицияға арыз жазғанымен, олар істі «бұл көлік оқиғасы емес» демей, Көлік инспекциясына жіберген. Алайда, жәбірленушілер мұны «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» ретінде қарастырып, қылмыстық жауапкершілікті талап етеді.

«Аттракцион әкімшісі Жадра есімді әйел алдында көмектесіп, емдеу шығынын көтеретінін айтқан. Ол бұл бірінші оқиға емес екенін мойындап, қызметкерлерді жұмыстан шығарамын деп уәде берген. Бірақ соңында бізді елемей, жауапкершіліктен қашып отыр. Ал кінәлі жігіттер әлі сол жерде жұмыс істеп, жалақыларын алып жүр», – дейді зардап шеккен қыздың апасы.

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий