Банктер 56 мың адамның несиесін кешірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады , деп хабарлайды Politico.kz.
Аөорданың хабарлауынша, мемлекет басшысына қаржы нарығын дамытудың 2025 жылғы нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы баяндалды.
Мәдина Әбілқасымова былтыр банк секторының орнықтылығы қамтамасыз етілгенін, жыл сайынғы қадағалау-бағалау циклі аяқталғанын жеткізді. Банктердің активтері 11 пайызға өсіп, 68,3 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.
Агенттік төрағасы банктер туралы жаңа заң, сондай-ақ инвестициялық қорлар және рейтингтік қызмет туралы заң жобалары әзірленгені жөнінде айтты.
Айтуынша, бизнеске берілген кредиттер 2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша 17,9 пайызға артып, 14,8 триллион теңгеге жеткен.
Бизнеске берілген кредиттер 2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша 14,8 трлн теңгеге жеткен.
Кәсіпкерлер 17,5 триллион теңгеге жаңадан несие ресімдеді. Банктер жалпы сомасы 2,3 триллион теңге болатын 8 синдикатталған жобаны бірлесіп қаржыландырды.
Шағын және орта бизнесті кредиттеу ісін қолдау үшін 2025 жылдың маусым айында «Даму» қорының жанынан Кепілдік қоры құрылды. Бүгінге дейін 505 миллиард теңге көлемінде несие кепілдіктері берілді.
Тұтынушылық несиені шектеу үшін төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда 5 жылдан астам уақыт ішінде қарыз беруге тыйым салынды. Сондай-ақ үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге және тәуекелі жоғары қарыздарды беруге шектеу қойылды. Қарыз алушының кірісіне қарай борыш көлемінің жаңа коэффициенті бекітілді.
Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданысқа енгелі бері банктер 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге берешегіне кешірім жасады.
Ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 1,2 мың қарыз алушыға қолдау көрсетілді.
Қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде кредит беру кезінде «шешім қабылдау кезеңі» заңнамаға енгізілді. Алғашқы қарызды ресімдеуге азаматтың өзі келуге тиіс. Бұдан бөлек, алаяқтық жағдайында кредитті сот шешімімен және соттан тыс тәртіппен есептен шығарудың негіздемелері кеңейтілді.
Агенттік өзінің қадағалау қызметі аясында банктерге 2025 жылы 49 рет инспекторлық және құжаттамалық тексеріс жүргізген. Сақтандыру нарығына қатысушыларды – 47, бағалы қағаздар нарығын – 54, ал микроқаржыландыру субъектілері мен коллекторлық агенттіктерді 260 мәрте тексерген. Нәтижесінде 628 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 641,3 миллион теңге айыппұл салынды.
Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығындағы 58 субъект лицензиясынан айырылды. Оның ішінде 23-і мәжбүрлі түрде тоқтатылды, ал 9 субъектінің лицензиясы алынды.
Соңғы жаңалықтар