Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатынан зардап шеккен адамның жағдайы өте ауыр
Жамбыл облысында Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек қатысқан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 36 жастағы ер адамның жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Politico.kz.
16 тамыз күні Telegram-арналардың бірінде Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жол апаты болғаны туралы жазба жарияланды. Ақпаратқа сәйкес, Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен. Желіде таралған мәліметтерде көлік тізгінінде экс-депутат Бақытжан Базарбек болғаны айтылды.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен азаматтың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
«Науқас 2026 жылдың 15 тамызында сағат 20:21-де ауруханаға жатқызылды. Ол бірінші тәулік жансақтау бөлімінде жатыр. Диагнозы – политравма, ауыр бассүйек-ми зақымы, мидың соғылуы, екі жақтағы қабырғалардың көптеген сынығы, екіжақты гемопневмоторакс, оң жақ сирақ сүйектерінің ашық сынығы, 2-3 дәрежелі травматикалық шок. Политравма мен ауыр травматикалық шокқа байланысты оның жағдайы өте ауыр. 2026 жылдың 15 тамызында науқасқа облыстық мамандар кеңес берді. Олардың қатарында нейрохирург, реаниматолог және торакальді хирург бар. Тиісті ұсыныстар берілді, емдеу шаралары жалғасып жатыр», – деп хабарлады Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі тілшімізге.
Бұл оқиғаға қатысты Бақытжан Базарбектің өзі де мәлімдеме жасады. Мәжілістің бұрынғы депутаты әлеуметтік желіде тараған түрлі болжамдарға түсініктеме бере алмайтынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар