Экс-депутат Бақытжан Базарбек басқарған көлік 36 жастағы ер адамды қағып кетті деген ақпарат тарады
Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болып, 36 жастағы ер адам зардап шекті, деп хабарлайды Politico.kz сайты «HALYQSTAN» Telegram арнасына сілтемемен.
Оқиға кеше кешке «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолда көлік пен сиыр соқтығысқан. Осыдан кейін бірнеше ер адам жолдың үстінде қалған малды қауіпсіз жерге шығармақ болған. Сол сәтте олардың бірін Toyota RAV4 көлігі қағып кеткен.
Көлікті бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек басқарған болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Зардап шеккен 36 жастағы ер адам аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Оған жабық бас-ми жарақаты, миының соғылуы, жабық пневмоторакс, білектің жабық сынуы және жіліншіктің ашық сынуы диагноздары қойылған.
Ауруханаға түскен кезде ер адам травматикалық шоктың бірінші дәрежесінде болған.
Қазіргі уақытта жол апатына қатысты полицияның ресми түсініктемесі әзірге жоқ. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда.
Соңғы жаңалықтар