«Алып-қашпа әңгімелер көбейді»: Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты елді алаңдатқан жағдайға түсінік берді

17.08.2026 14:51 Әсел МҰРАТ
«Алып-қашпа әңгімелер көбейді»: Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты елді алаңдатқан жағдайға түсінік берді
325
Фото: ашық дереккөз

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында болған жол-көлік оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желілерде тараған түрлі болжамдарға түсініктеме бере алмайтынын айтып, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, өзі және жұбайы тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат берген. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.

«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ», – деп жазды ол.

Бұрынғы депутат тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайына заң талаптарына сәйкес объективті әрі әділ баға беретініне сенім білдірді.

Ол қазіргі таңда өзі үшін ең маңыздысы – жол апатынан зардап шеккен азамат пен оның жақындарына қолдау көрсету екенін атап өтті.

«Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз», – деді Бақытжан Базарбек.

Сондай-ақ ол зардап шеккен азаматқа шұғыл медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс айтты.

Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты әртүрлі нұсқалар мен расталмаған ақпараттардың тарап жатқанын да атап өтті.

«Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын», – деп жазды ол.

Оның мәлімдеуінше, тергеп-тексеру амалдары әлі жалғасып жатыр.

Бұған дейін бірқатар БАҚ экс-депутат Бақытжан Базарбек адам қағып кеткені туралы ақпарат таратқан еді. Алайда полиция көлік тізгінінде кім болғанын нақтылаған жоқ.

Зардап шеккен ер адам аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.

«Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі, Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде болған ер адамды қағып кеткен», - деп хабарлады облыс полициясы.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.  

Войдите, чтобы оставить комментарий