«Бәрі рұқсат»: Нұрлан имамның пластикалық ота туралы пікірі қызу талқыға түсті
Танымал имам Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желіде пластикалық отаға қатысты айтқан пікірімен көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Politico.kz.
Имамның айтуынша, сыртқы келбетті қалпына келтіруге немесе денсаулыққа байланысты жасалатын пластикалық және косметологиялық процедураларға дінде тыйым жоқ.
«Пластикаға ешқандай мәселе жоқ. Мысалы, шашы түсіп қалған болса, шаш егуге болады. Себебі оның шашы бұрын болған. Косметологияға да болады. Бетті тазалау, биоревитализация – денсаулыққа қажетті дүниелер. Қабағың салбырап, түсіп кетсе, пластика жасауға да ешқандай мәселе жоқ. Бәрі рұқсат», – деді ол.
Алайда бұл пікір әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі көзқарас туғызды. Бірі имамның сөзін қолдап, медициналық қажеттілікке байланысты жасалатын ем-домға рұқсат берілуі орынды екенін айтса, енді бірі оның ұстанымымен келіспейтінін жеткізді.
Желіде:
«Елге ұнайтын әңгіме айтамын деп, шариғаттың шеңберінен шығып кетеді», «Кәрілікті табиғи түрде қабылдау керек», «Харам деп айтпайтын жалғыз имам шығар» деген пікірлер де жарияланды.
Айта кетейік, исламда пластикалық отаға қатысты көзқарастар әртүрлі. Көптеген ғалымдар туа біткен немесе жарақат салдарынан пайда болған кемшіліктерді түзетуге рұқсат берілетінін, ал тек сұлулық мақсатында дене бітімін өзгертудің үкімі жөнінде түрлі пікірлер бар екенін айтады.
Соңғы жаңалықтар