«Баспалдақтан құлаған»: Күтушінің қарауында болған екі жасар сәби көз жұмды
Бакудің Сабунчи ауданында екі жасар бала баспалдақтан құлап, алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін сәбидің туыстары бала күтушісіне қатысты ауыр айып тақты, деп хабарлайды Politico.kz.
Баланың анасы Айшан Исмайылованың айтуынша, соңғы екі күнде бала күтушінің қарауында болған кезде бірнеше рет құлаған.
«Баламды оған сап-сау етіп тапсырдым, ал қайтарып алғанымда о дүниелік болған еді. Ол құлап, басынан жарақат алған. Кейін белгілі болғандай, сәби алғашқы құлаған кездің өзінде-ақ жарақаттанған екен. Бірақ күтуші маған “түк етпейді, қорықпаңыз, ешқандай қауіпті нәрсе болған жоқ” деп сендірді. Мен оның сөзіне сеніп, баланы тағы да қалдырып, жұмысқа кеттім. Сол кезде ол тағы құлапты. Дәрігерлер баламның бас сүйек-миына өте ауыр зақым келгенін айтты», — дейді марқұмның анасы.
Қаза тапқан баланың жақындары сәби кездейсоқ құлаудан емес, соққыдан көз жұмды деп есептейді. Марқұмның әжесі күтуші баланы аяусыз ұрып-соғып өлтіргенін айтып, оны қасақана әрекетке барды деп айыптады.
Бүлдіршінді ауруханаға күтушінің отбасы мүшелері жеткізген, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Баланың мәйіті жерлеу рәсімі үшін туыстарына тапсырылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Соңғы жаңалықтар