«Маған қарыз болғанын қаламаймын»: Тәуекел Мүсілім ұлдары ер жеткенде бөлек тұратынын айтты
Танымал актер Тәуекел Мүсілім журналист Алтын Меңдібаеваға берген сұхбатында бала тәрбиесіне қатысты ой бөлісіп, ұлдары үйленген соң олармен бірге тұрмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі балаларын қысымсыз, еркін тұлға етіп өсіруді көздейтінін жеткізді.
«Бізді ата-аналарымыз басқаша тәрбиеледі. Оларға қарызбыз, міндетті қылып өсірді. Ал өз ұлдарымызға келетін болсақ, мен оны қаламаймын. Олардың маған қарыз, міндет деген ойлары болғанын қаламаймын. Оларға бұл жайлы мүлдем айтпаймын. Дұрыс адам болулары үшін барымды салып, бұл әлемге дайындауға тырысамын. Ешқандай қорқынышсыз, комплекссіз өмір сүргендерін қалаймын», — деді актер.
Сонымен қатар ол жұбайы екеуі болашақта балаларының жеке өміріне араласпауға алдын ала келісіп қойғанын атап өтті.
«Олар ер жеткен кезде “олар бізбен бірге тұру керек” деген сөзді мүлдем айтпаймыз деп әйелім екеуміз келісіп алдық. Олардың бізсіз өмір сүрулері үшін өзімді барынша дайындаудамын», — деді ол.
Соңғы жаңалықтар