Қазақстанда 46 жыл құжатсыз өмір сүрген әйел анықталды

Қазақстанда 46 жыл құжатсыз өмір сүрген әйел анықталды
Фото: Zakon.kz
Алматы облысында әйел 46 жыл құжатсыз өмір сүрген.

Алматы облысының Алатау қаласында 46 жыл бойы жеке куәліксіз және жеке сәйкестендіру нөмірінсіз (ЖСН) өмір сүрген әйел анықталды. Оған құжаттарын рәсімдеуге прокуратура көмектесті, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, әйел 1980 жылы дүниеге келген. Алайда анасы оның тууын азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында тіркемеген.

Сол кездегі медициналық мұрағаттар сақтау мерзімі аяқталғандықтан жойылған. Сондықтан әйелдің құжаттарын сотқа жүгінбей қалпына келтіру мүмкін болмаған.

ЖСН болмағандықтан, әйел сотқа да өз бетінше жүгіне алмаған. Бұған дейін оның әпкесі өтініш бергенімен, ол қанағаттандырылмаған.

Осыдан кейін Алатау қаласының прокуратурасы әйелдің құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген. Прокурорлар оның туу фактісін анықтауды сұраған.

Сот прокуратураның талабын қанағаттандырды. Енді әйел жеке құжаттарын рәсімдеп, медициналық көмек ала алады. Сондай-ақ ресми жұмысқа орналасып, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау алуына мүмкіндік туады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу