Азамат Қапенов Мәсімовтің қызымен қалай танысқанын айтып берді
Кәсіпкер әрі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапенов ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің қызы Тамилла Кәріммен қалай танысып, отбасын құрғанын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол бұл туралы журналист Ғазиза Райымбектің подкастына берген сұхбатында айтты.
Олардың алғашқы кездесуі Астанадағы мейрамханалардың бірінде кездейсоқ болған.
Бизнесменнің сөзінше, ол достарымен бірге Бурабайдағы демалыстан қайтып келе жатып, елорданың Сарыарқа даңғылындағы «Алаша» мейрамханасына кірген. Сол жерде отырған бойжеткендерге көзі түсіп, майлыққа өз телефон нөмірін жазып, даяшыдан олардың үстеліне жеткізуді сұраған.
Көп ұзамай оған Тамилла телефон соғып, кездесуге ұсыныс білдірген. Алайда Қапенов тығыз жұмыс кестесіне байланысты жүздесуді кейінге шегерген. Сол сәтте ол бойжеткеннің кімнің қызы екенін білмегенін айтады.
Қос ғашықтың қарым-қатынасы Мәскеуде қайта жалғасын тапқан. Олар Ресей астанасындағы мейрамханалардың бірінде кездесіп, кешкі ас ішкен. Қапеновтің айтуынша, сол жылдары оның жеке компаниясы «Башнефть» компаниясымен жасалған келісімшарт аясында Ресейден бензин тасымалдаумен айналысқан. Бұл бизнес оған ай сайын шамамен 400-500 мың доллар таза пайда әкеліп отырған.
Кейіннен екі жастың сезімі жарасып, олар ресми түрде шаңырақ көтерген.
Соңғы жаңалықтар