"Басына орындық лақтырған": Үш жасар қыз балабақшадағы оқиғадан кейін эпилепсияға шалдықты

09.07.2026 09:34 Мөлдір ҚАЙНАР
68
Фото: видеодан скриншот/ Stan.kz

Ақмола облысындағы балабақшалардың бірінде қатарластары басынан орындықпен ұрған 3 жасар қыздың жағдайы нашарлап, эпилепсия ауруына шалдықты, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Бүлдіршіннің жақындары бұл істің осыған дейін екі рет қысқартылғанына наразылық білдіріп, әділдік талап етуде.

Оқиға биылғы жылдың 6 наурызында болған еді. Зардап шеккен қыздың анасы Алтынай Бикемнің айтуынша, бейнебақылау камерасында балалардың жарты сағатқа жуық тәрбиешісіз қараусыз қалғаны және сол сәтте ойын балалары Айзереге орындық лақтырып, бас миын шайқалтқаны анық көрінген. Ауруханаға жеткізілген бүлдіршінге кейіннен дәрігерлер құрысу синдромы мен эпилепсия диагнозын қойған.

«Біз камераны көріп, істің бәрін қолға аламыз дегенде 10–11 қараған күні қыз ұстамасы ұстап есінен танып қалады. Қызым еш нәрсені сезбейді. Ес-түссіз жатады. Сол арада біз ауруханаға жеткіздік. Келесі күні сағат 11-де қыз дәрілердің көмегімен есін жиды. Сонда ғана толық жан-жақты тексерістерді нәтижесінде бізге МРТ КТ жасалып, бас миына қатты зақым келіп, шайқалғаны туралы анықтама шығарды», – деді Алтынай Бикем.

Қазіргі уақытта бала тұрақты түрде дәрігерлердің бақылауында емделіп жүрсе, балабақша басшылығы тәрбиешінің балаларды қараусыз қалдырғанын мойындап отыр. Алайда бұл оқиға үшін тәрбиеші мен меңгеруші тек қатаң сөгіс алып, қазіргі уақытта жұмыстарын кедергісіз жалғастыруда.

«Біз мойындаймыз. Сол рас болған нәрсе, тәрбиеші балаларды қабылдауға түскен кезде көмекшісі декреттік демалысқа кеткен уақытта орнын алмастыратын адам тауып үлгермедік. Сол себепті ол астына бала қабылдауға түсен уақытта сондай жағдай болыпты. Біз қазір іс жүріп жатқаннан кейін тәрбиеші де, мен де жұмыстан кеткен жоқпыз», – деді «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі Әсем Балғабаева.

Анасының полицияға бірнеше рет арызданғанына қарамастан, қылмыстық құрам жоқ деген себеппен іс екі рет жабылған, бірақ қазір бұл дерек бойынша қайтадан қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қызының еміне көп шығындалған отбасында бала күтіміне байланысты әкесі де жұмысын тастауға мәжбүр болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий