«Бәрін жария түрде айта алмаймыз»: Сайыров Ресейде соғысқа әкетілген қазақтар туралы құпияның шетін шығарды

07.10.2026 • 13:59 Әсел МҰРАТ
«Бәрін жария түрде айта алмаймыз»: Сайыров Ресейде соғысқа әкетілген қазақтар туралы құпияның шетін шығарды
257
Фото: ашық дереккөз

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғыс аймағында қалып қойған қазақстандықтардың мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін соғыс аймағына мәжбүрлі түрде әкетілген азаматтардың ата-аналары Астанаға келіп, тиісті мемлекеттік органдарға жүгінген еді.

Аталған өткір мәселеге байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі соғыс аймағында қалып қойған азаматтардың нақты тізімі жасақталып, тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. 

Осы орайда Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров мемлекет тарапынан бұл бағытта қандай қадамдар жасалып жатқаны туралы түсініктеме берді.

Халық қалаулысының айтуынша, бұл жайт мемлекеттің бақылауында, алайда мәселенің сипаты тым күрделі болғандықтан, процестің егжей-тегжейін ашық талқылау қиындық туғызады.

«Бұл тақырып бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген. Мәселе өте күрделі әрі нәзік болғандықтан, оның барлық жайын жария түрде айтып отыру мүмкін емес. Қазіргі таңда Үкімет жабық дипломатиялық арналар арқылы нақты келіссөздер мен жұмыстарды жүргізіп жатыр», – деп нақтылады Ерлан Сайыров.

Сонымен қатар депутат қазіргі құбылмалы геосаяси жағдайды ескере отырып, ел азаматтарына шетелге шығу барысында жеке қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Оның сөзінше, кез келген мемлекеттің аумағында заң мен тәртіпке бағыну және күмәнді ұсыныстардан аулақ болу аса маңызды.

«Бүгінде халықаралық ахуалдың күн санап күрделеніп, қауіп-қатердің көбейіп келе жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Егер азаматтарымыз сырт елге баратын болса, сол мемлекеттің заңнамасын мүлтіксіз сақтап, әрбір қадамын аңдап басуы керек. Қауіпсіздік ең бірінші кезекте адамның өз жауапкершілігіне де байланысты», – деп түйіндеді депутат.

Войдите, чтобы оставить комментарий