Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әскер Бейсеновті Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатып, оның орнына Татьяна Савельеваны тағайындады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Мемлекет басшысының өкімімен Әскер Құрманғалиұлы Бейсенов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың хабарламада.
Савельеваның тағайындалуы туралы да жеке өкім шықты.
«Мемлекет басшысының өкімімен Татьяна Михайловна Савельева Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды», – деп хабарлады Ақорда.
Айта кетейік, бүгін, 7 қазанда Құрылтай оның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын.
Қорғаныс саласындағы кадрлық өзгерістер Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін жалғасып жатыр. 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні су ағызып әкетіп, олардың 14-і қаза тапты.
Оқиғадан кейін Қорғаныс министрі, оның бірінші орынбасары мен орынбасары ауысып, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметінен босатылды. 6 қазанда Ниязбековтің осы іс бойынша қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұсталғаны хабарланды.
Татьяна Савельева кім?
Татьяна Михайловна Савельева 1976 жылғы 11 сәуірде Целиноградта, қазіргі Астанада дүниеге келген. 1994 жылы Ақмола құрылыс техникумын «техник-менеджер», 2001 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде экономика магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 1992 жылы Ақмоладағы «Коммерциялық байланыстар бюросында» хатшы болып бастаған. 1994–1995 жылдары «СТИМ» өндірістік-коммерциялық фирмасында тауартанушы, 1995–1996 жылдары «ЮРГАЛ» ЖШС-де сатушы, 1996–1997 жылдары «Алтын Егін» өндірістік кооперативінде хатшы болған.
Кейін қаржы және бюджеттік жоспарлау саласында жұмыс істеді:
- 1999–2001 жылдары Астана қаласының қаржы басқармасында бюджет жөніндегі жетекші маман, 2001–2002 жылдары бас маман болды.
- 2002 жылы Қаржы министрлігінде республикалық бюджетті әзірлеу бөлімінің, кейін ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы қызметін атқарды.
- 2002–2005 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде республикалық бюджеттік бағдарламаларды бағалау бөлімінің бас маманы, 2005–2007 жылдары осы бөлімнің басшысы болды.
- 2007–2008 жылдары талдау, орта мерзімді болжамдар жасау және бюджет саясаты басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2008 жылы бюджет саясаты басқармасының бас сарапшысы, 2008–2009 жылдары Бюджет саясаты және жоспарлау департаменті директорының орынбасары болды.
- 2012 жылы Қаржы министрлігінің Бюджеттік жоспарлау және болжау департаменті директорының міндетін атқарып, 2012–2013 жылдары осы департаментті басқарды.
- 2013 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Бюджеттік жоспарлау және болжау департаментінің директоры болды. 2013–2014 жылдары мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларын жоспарлау және еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру департаментін басқарды.
- 2014–2016 жылдары Қаржы министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры, 2016–2023 жылдары қаржы вице-министрі қызметін атқарды.
2023 жылғы наурыздан 2026 жылғы шілдеге дейін AMANAT партиясының тізімі бойынша VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, кейін төрағасы қызметін атқарды. Комитет төрағалығына 2024 жылғы 14 ақпанда сайланған.
2026 жылғы 27 тамыздан 7 қазанға дейін «Әділет» партиясынан I шақырылымдағы Құрылтай депутаты болды.
Савельева 2013 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», 2018 жылы «Астана 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, 2019 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. Сондай-ақ «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі және басқа да мерейтойлық медальдары мен ведомстволық наградалары бар.
Тұрмыста, екі ұлы бар.
Соңғы жаңалықтар