"Батылдығы мен сабырлылығы үшін таңдадым": өртенген денесі табылған полицейдің әйелі бұрынғы сұхбатында не деген?

30.06.2026 09:39 Мөлдір ҚАЙНАР
1066
Фото: коллаж politico.kz

Қоғамды дүр сілкіндірген аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің жұмбақ өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Осыдан екі жыл бұрын Әлсеровтер әулеті еліміздегі ең үлгілі полиция отбасыларының бірі ретінде кеңінен танылған еді. «Қайырлы таң, Қазақстан» телебағдарламасына қонаққа келген ерлі-зайыптылар өздерінің жеті баласымен бірге жылы естеліктерімен бөліскен болатын. Аслан Әлсеров өзінің еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полиция қызметінен бастағанын және болашақ жары Арайлыммен дәл осы қызмет барысында танысқанын мақтанышпен айтқан. Олардың махаббат тарихы мен отбасылық құндылықтары көпке үлгі болып көрінді. Сол тұста Арайлым Әлсерова өзінің сұхбатында жолдасын қалай таңдағаны туралы:

«Маған бәрі бойы ұзын, сымбатты жігітті таңдадың дейтін. Негізі, Аслан өте салмақты және батыл болатын. Мен өзім де сондай мінезді адамдарды ұнатамын», — деп ағынан жарылған еді.

​Бұл әулет тек қызметте емес, спортта да жоғары жетістіктерге жеткен. Аслан грек-рим күресімен айналысса, оның жұбайы Арайлым — джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы. Сондай-ақ олардың ұлдары джиу-джитсу, дзюдо және самбодан әлем чемпиондары атанса, қыздары спорт пен шығармашылықты қатар алып жүрген. Телебағдарлама барысында ерлі-зайыптылардың үлкен қызы Еркежан Қалиақпарова әкесінің біршама қатал, ал анасының өте сыпайы әрі қамқор адам екенін атап өткен.

Войдите, чтобы оставить комментарий