Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолды алғаны үшін сынға қалды
Танымал продюсер Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильмінде актриса Меруерт Өтекешова киген тарихи қамзолды өзіне алғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы продюсер Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
«Мен бұл киімді өмірімнің соңына дейін сақтаймын. Себебі бұл қамзолды Меруерт Өтекеш “Қыз Жібек” фильмінде киген. Бұл — 50 жылдық тарихы бар қамзол», — деді ол.
Сондай-ақ Баян Мақсатқызы алдағы «Қазақ аруы» байқауын Қыз Жібек бейнесі мен Меруерт Өтекешоваға арнамақ ниетте екенін жеткізді.
Әзірге бұл тарихи киімнің сыйға берілгені немесе сатып алынғаны нақты белгісіз.
Алайда желі қолданушылары бұл мәселеге қатысты түрлі пікір білдіріп, қамзолдың жеке адамның қолында емес, музей қорында сақталуы тиіс екенін атап өтті.
Пікірлер қатарында: «Бұл қамзол музейде тұрғаны дұрыс», «Мұндай құнды жәдігер халыққа қолжетімді болуы керек», «Мемлекеттік құндылық жеке қолда болмауы тиіс», «Қазақфильм музейінде сақталғаны жөн», «Қандай керемет дүние!» деген секілді ойлар айтылды.
Соңғы жаңалықтар