Бажкенованың шағымы қанағаттандырылмады: 8 жылдық жаза өзгеріссіз қалды

22.09.2026 14:49 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Бажкенованың шағымы қанағаттандырылмады: 8 жылдық жаза өзгеріссіз қалды
233
Фото: t.me/giberborei

Гүлнәр Бажкеноваға тағайындалған жаза жеңілдеген жоқ. Алматы қалалық соты Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторының апелляциялық шағымын қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Вадим Борейконың мәліметінше, шағым 2026 жылғы 22 қыркүйекте қаралған. Судья Светлана Яковлева төрағалық еткен сот алқасы Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотының шешімін күшінде қалдырған.

Бажкенова Қылмыстық кодекстің 189, 214 және 274-баптары бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазаны өтеу 2 жылға кейінге шегерілген. Қосымша жаза ретінде оған 5 жыл бойы журналистік және жария қызметпен айналысуға, әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынған.

Тамызда шыққан үкімде сот Бажкенованы 88 144 127 теңгені жымқырғаны және жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп таныған. Сондай-ақ соттың тұжырымы бойынша, ол кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелместен Алматыда пәтер сатып алып, сату арқылы 121 200 000 теңге табыс тапқан, бірақ салық төлемеген.

Гүлнәр Бажкенова – қазақстандық журналист, Orda.kz порталының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас редакторы. Оған үкім шыққаннан кейін басылым 1 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтатқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий