Бектенов Балқашта «Қазақмыстың» 21,8 миллиард теңгелік жаңғырту жұмысымен танысты

08.10.2026 • 17:20 Қанат АЙБАР
Бектенов Балқашта «Қазақмыстың» 21,8 миллиард теңгелік жаңғырту жұмысымен танысты
179
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Балқаштағы «Қазақмыс» компаниясының мыс қорыту зауытына барды. Үкімет басшысы кәсіпорынның жұмысымен, жаңғырту бағдарламасымен және жаңа зауыт салу жоспарымен танысты, деп хабарлайды Politico.kz.

«Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Бектеновке кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын баяндады.

1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт Қазақстандағы катодты мыстың шамамен 51 пайызын өндіреді. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты 220 мың тонна мыс, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге жетеді.

Биыл «Қазақмыс» зауытты жаңғыртуға 21,8 миллиард теңге бағыттаған. Бұл қаржыға өндірістік жабдықтар жөнделіп, инфрақұрылым жаңартылып жатыр.

«Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловтың айтуынша, құны 5 миллиард теңгеден асатын бірінші Ванюков пешінің күрделі жөндеуі аяқталған.

2027 жылы екінші Ванюков пешін жөндеу жоспарланған. Оған 5,4 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.

Бектеновке Балқашта салынатын жаңа мыс қорыту зауытының жобасы да таныстырылды. Оған 750 миллиард теңге жеке инвестиция тарту көзделген.

Жобаны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС жүзеге асырады. Құрылыс 2027 жылы басталып, зауыт 2030 жылы іске қосылуы тиіс.

Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіре алады. Зауытта 1200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жоба бойынша өндірістен шығатын зиянды шығарындылар көлемін жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін азайту жоспарланған.

Премьер-министрге «SGS Kazakhstan Ltd» ЖШС зертханасының жұмысы да таныстырылды. Оның қуатын жылына 350 мың сынамаға дейін арттыру жоспарланған.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға жаңа зауытты белгіленген мерзімде іске қосу үшін қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий