«Қазатомөнеркәсіптің» төрт басшысы ұсталғаны хабарланды
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма мүшелері қатарындағы төрт басшы ұсталғаны хабарланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы «ВЫХОД К ПРАВДЕ» Telegram арнасы жазды.
«Ulysmedia.kz мәліметінше, “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясының төрт жоғары лауазымды басшысы ұсталған. Олардың барлығы басқарма мүшелері деңгейіндегі қызметтерді атқарады. Дереккөздеріміздің нақтылауынша, ұсталғандардың арасында басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов жоқ.
Редакция ұлттық компанияның баспасөз қызметіне хабарласты. Алайда ақпарат жарияланған сәтте хабарламалар мен қоңырауларға жауап болмады.
“Қазатомөнеркәсіптің” ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, компания басқармасы төрағаны қосқанда алты адамнан тұрады. Биыл сәуірде басқарма мүшелерінің саны сегізден алтыға қысқарған», – деп жазды арна.
Politico.kz осы ақпаратқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қорына сауал жолдады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның мұнай-газ саласындағы PetroCouncil.kz қауымдастығының Telegram арнасы іскерлік ортада «Қазатомөнеркәсіптегі» ықтимал кадрлық өзгерістер талқыланып жатқанын жазған. Бейресми мәлімет бойынша, әңгіме компанияның бірқатар жоғары лауазымды басшысы, соның ішінде басқарма төрағасының орынбасарлары туралы болған.
Қазақстанның ең ірі уран өндіруші компаниясындағы басшылардың ұсталғаны туралы ақпарат «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшылары ұсталғаннан екі апта өткен соң тарады.
12 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған еді. Олар және басқа да тұлғалар пара алуға оқталды деген күдікке ілінген. 14 қарашада сот екі төрағаны қамауға алуға санкция берді.
Бұдан бөлек, Politico.kz ҚТЖ-ның екі директоры мен «Самұрық-Қазына» қорының департамент директоры Азамат Сембайдың ұсталуына қатысты ҰҚК-ге сауал жолдаған. Комитет сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Ал «Самұрық-Қазына» қоры департамент қызметкерінің қамауға алынуы оның бұрынғы еңбек қызметіне байланысты екенін, қазіргі лауазымдық міндеттеріне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар