Бектенов инвесторларға жаңа Конституцияның маңызын түсіндірді
Қазақстанның Үкімет басшысы Олжас Бектенов Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы байланысты талқылау үшін Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиын барысында қос тараптың мемлекет басшылары бекіткен келісімдерді жүзеге асыру жолдары қаралды. Бұл басқосуға мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық компания өкілдері және Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы жаңа елшісі Джули Стаффт бастаған дипломаттар қатысты.
Үкімет басшысы шетелдік меймандар алдында сөйлеген сөзінде елдегі саяси өзгерістерге тоқталды.
«Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конституцияның жобасына дауыс береді. Жаңа Конституция Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді», – деді Олжас Бектенов.
Жиын соңында ол басты міндет халықтың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсарту екенін мәлімдеді. Осы мақсатқа жету үшін елде жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға бағытталған шаралар қолға алынған.
Сонымен қатар, отырыста АҚШ-пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инфрақұрылымды жаңғырту, өндірісті локализациялау және цифрлық технологияларды дамыту мәселелері талқыланды. Инвесторлар Қазақстандағы бизнес-ортаның жақсарып келе жатқанын және салық реформасының ашықтықты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Олжас Бектенов Үкімет халықаралық серіктестермен бірлесіп, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және ірі технологиялық жобаларды жүзеге асыру жұмысын жалғастыратынын айтты.
Соңғы жаңалықтар