Белгілі саясаттанушы Трамп пен Путин кездесуінің неге нәтижесіз аяқталғанын түсіндірді

Белгілі саясаттанушы Трамп пен Путин кездесуінің неге нәтижесіз аяқталғанын түсіндірді
16.08.2025 20:48
0
434
Сурет AP Photos

Белгілі саясаттанушы Ғазиз Әбішев Аляскада өткен Трамп пен Путин кездесуінің неге нәтижесіз аяқталғанын түсіндірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Оның пікірінше, бұл саммит шынайы бітімге келуден гөрі, екі лидердің өздерінің ішкі аудиториясына арналған саяси ойыны болды, себебі Украина мен Ресейдің ұстанымдары бір-біріне мүлдем қарама-қайшы.

Ғазиз Әбішевтің талдауынша, соғысушы тараптардың талаптары келіссөздер жүргізуге мүмкіндік бермейтіндей алшақ.

«Ресей төрт облысты, соның ішінде Херсон қаласын бізге беріңдер, оларды біздікі деп таныңдар, НАТО-ға кірмеу туралы соңғы қағазға қол қойыңдар дейді. Ал Украина болса, басып алынған барлық аумақты қайтарыңдар, репарация төлеңдер, сосын біз НАТО-ға кіреміз дейді. Екі тарап та «ең бастысын бізге беріңдер, қалғанын өздеріңе алыңдар» деген ұстанымда», – деп жазады саясаттанушы.

Бұған қоса, Еуропа елдерінің «атыс тоқтатылса, біз Украина аумағына әскер кіргізуге дайынбыз» деген мәлімдемесі жағдайды одан сайын күрделендіріп отыр.

Сарапшының пікірінше, бұл кездесудің негізгі мақсаты нақты бітімге келу емес, басқада болған.

«Шын мәнінде, Трампқа бұл кездесу Нобель сыйлығын алу және сайлауалды уәделерін орындау үшін қысқа мерзімді «жігітше келісім» жасауға тырысу үшін қажет болды. Ал Путинге соғыстан шаршай бастаған халқы мен элитасына Ресей үшін тиімді бейбітшілік іздеуге күш салып жатқанын көрсету маңызды болды», – дейді Әбішев.

Саясаттанушының болжамынша, бұл кездесу соғысты тоқтатудың алғышарты емес, керісінше, жаңа келіссөздер раунды алдындағы тактикалық қадам ғана. Әбішевтің пікірінше, алдағы уақытта екі тарап та өз позицияларын күшейту үшін ұрыс даласында әскери әрекеттерді жандандырып, бір-біріне санкциялық қысымды арттыруы мүмкін. 

Айта кетейік, 15 тамызда Аляска штатының Анкоридж қаласындағы Элмендорф-Ричардсон біріккен әскери базасында Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі өткен еді.

Саммит салтанатты рәсімнен басталды: Владимир Путинді қызыл кілем үстінде қарсы алып, көк жүзінде америкалық әскери ұшақтар – стратегиялық B-2 бомбалаушысы мен бесінші буын жойғыштары қалықтады. Қарсы алу шарасынан кейін екі мемлекет басшысы Трамптың президенттік лимузиніне отырып, келіссөз өтетін жерге бет алды. Кездесудің негізгі тақырыбы Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі болды.

Негізгі кеңесшілердің қатысуымен өткен әңгіме шамамен үш сағатқа созылды. Алайда оның қорытындысында атысты тоқтату жөнінде нақты келісімге қол жеткізілмеді. Қысқа баспасөз мәлімдемесінде Владимир Путин келіссөзді «құрылымды әрі нәтижелі» деп бағаласа, Дональд Трамп «айтарлықтай прогресс барын» атап өтті. Бірақ ол «келісім – тек келісімге қол қойылғанда ғана келісім саналады» деп ескертті.

Жоспарланған жұмыс түскі асы кейінге қалдырылып, тараптар журналистердің сұрақтарына жауап берген жоқ. Аляскадан ұшып кетер алдында Владимир Путин Форт-Ричардсон әскери зиратына барып, Кеңес Одағының ұшқыштарына арналған ескерткішке гүл қойды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий