"Берік Уәли жүрген жерде Тоқаевтың бары да, жоғы да білінбейді екен": Халықтың Абай тойынан кейінгі әсерлері

14.08.2025 10:42
0
519
Сурет: АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

8 тамызда Семей қаласында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Адамзаттың Абайы» атты республикалық айтыс өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Абай облысының әкімдігі ұйымдастырған бұл дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 12 ақын қатысып, сөз сайыстырды. Қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман болса, шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли құттықтау сөз сөйлеп, айтыскерлерге сәттілік тілеген болатын.

Facebook желісінің қолданушысы Руслан Ербота есімді азамат тойға барып келгендердің әсерімен бөлісіп, көпшіліктің пікірі бір жерден шығып отырғанын жазған. Оның айтуынша, той толығымен Абай облысының әкімі Берік Уәлидің жеке беделін асырған шараға айналған.

"Тойдың қалай өткені жайындағы әңгіме қызық қой. Барып көргендер жарыса мақтап жазып жатыр. Біразымен сөйлестік. Таңданыстарында шек жоқ. Кейбір сөздері есте қалды:

-Бөжейдің асында Абай қалай қызмет етіп, елге атын жайса, бұл тойда Берік Уәли дәл солай Абайдай қызмет етіп өзінің ұлтжанды деңгейін көрсетті.

- Бұл Абайдың емес, Берік Уәлидің тойы болды. Оның қасында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев көптің бірі болып қалды. М.Әшімбаевпен салыстырғанда Берік Уәлидің мысы әлде қайда басым, харизмасы жалындай анық көрініп тұрды.

- "Бас ақынның тойына Тоқаев неге келмеді?" деп, президентті іздеген, сұраған пенде болмады. Бар зиялы, бар ақын-жазушы әкім Берік Уәлидің әр сөзі мен әрекетіне тәнті болып отырды. Берік Уәли жүрген жерде Тоқаевтың бары да, жоғы да білінбейді екен. Тоқаев бұл тойға келсе де, көпшіліктің алдында Берік Уәлидің бәсі бәрібір жоғары көрініп тұрар еді.

Берік Уәли расымен мықты. Президентке бастапқыда баспасөз хатшысысы болып келгенде Қ.Тоқаевтің атқарған ісін емес, Б.Уәлидің селфиін ғана көретін едік. Сөйтсек, өзінің бақайына да келмейтін болмашы қызметте бар таланты мен кең қарымын көрсете алмай бос отырып қалғандай екен.

Дәл қазір ел ешінде шынайы әлеуметтік сауал жүрсе, саясат тақтасында ең беделді тұлғаны анықта десе, сауалнамада Б.Уәли алдыға оқ бойы озып шығып, Қ.Тоқаев, М.Әшімбаев, Е.Қариндерді шаң қаптырып кетері анық-ау!", – деп мерейтойдан кейінгі әсерін жазды.

Той Абайға арналса да, көпшіліктің есінде Берік Уәлидің беделін көрсеткен күн болып қалды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий