Бір видео – екі қызметкердің жұмыстан кетуі: ІІМ шешімін түсіндірді
Блогер екі полицейді қолына көтерген, ал сол видео тарағаннан кейін екеуі де қызметінен айырылған. Астананың туристік полициясында болған оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігі өз ұстанымын түсіндірді: ведомство мұндай әрекетті форма киген, қызметте жүрген адамға лайықсыз деп санайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкіметтегі брифингте журналистер ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехадан екі қызметкердің әрекеті қазақстандықтарға қандай зиян келтіргенін және неліктен жұмыстан шығаруға негіз болғанын сұрады.
Лепеха бұл шешімнің қоғамда қызу талқыланып, пікірдің екіге жарылғанын мойындады. Оның айтуынша, мәселені қараған тәртіптік комиссия қызметкерлердің әрекетінен кем дегенде қызметтік әдеп пен полицейлерге қойылатын мінез-құлық талаптарын бұзу белгілерін анықтаған.
— Қызметтік міндетін атқарып жүрген және формадағы полиция қызметкерлерін блогерлердің көтеріп алуына жол беруге болмайды. Бәлкім, біз консервативті көзқарастағы адамдар шығармыз, бірақ полиция қызметкерлері бұлай істемеуі керек деп есептейміз, — деді ол.
Министр орынбасары екі қызметкерді жұмыстан шығару туралы шешімді тәртіптік комиссия қабылдағанын айтып, «Бәлкім, олар өздерін мәдениет саласынан табар» деп қосты.
Журналистер мұндай ұстаным «халыққа жақын полиция» тұжырымдамасына қайшы келмей ме деген сауал да қойды. Өйткені құқық қорғау органдарын ашық, азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істейтін құрылымға айналдыру туралы үндеу көптен бері айтылып келеді.
Лепеха бұл уәжбен келіспеді. Оның түсіндіруінше, халыққа жақын болу – азаматтың мұқтажын байқап, көмектесу, қылмысты барынша тез ашу және қызмет кезінде құқық бұзушылықтың алдын алу. Ал ойын-сауыққа арналған бейнематериалдарға қатысу полицияның негізгі міндетіне кірмейді.
— Егер біз ән айтып, би билейтін болсақ, бұны полицияның басты функциясы деп атау қиын. Бәлкім, бұған жекелеген жағдайларда және жұмыстан тыс уақытта жол берілетін шығар – оған мархабат, — деді министрдің орынбасары.
Ол полиция жұмысында өзгеріс жоқ деген тұжырымды да қабылдамады. Лепеханың айтуынша, өзі осы салада еңбек етіп жүрген уақыттың бәрінде полиция реформаланып келеді. «Кемелдіктің шегі жоқ» деген министр орынбасары өзгерістер ақылға қонымды шеңберде жалғасатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, даудың басталуына әлеуметтік желіде тараған видео себеп болған. Haggagovic есімді тревел-блогер Астананың туристік полициясында қызмет ететін екі қызды қолына көтерген. Кейін екеуінің де қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылғаны белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар