«Бізде әлімжеттік деген ұғым жоқ»: министрлік ел армиясындағы жағдайға қатысты пікір білдірді

11.06.2026 14:21 Әсел МҰРАТ
«Бізде әлімжеттік деген ұғым жоқ»: министрлік ел армиясындағы жағдайға қатысты пікір білдірді
189
Фото: Pexels.com

Қазақстан армиясында әлімжеттік жоқ. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Сенат кулуарында айтты, деп хабарлайды Politico.kz. 

Журналистер одан мерзімді әскери қызметшілерге смартфон пайдалануға рұқсат берілуі армиядағы жарғылық емес қарым-қатынас фактілерінің азаюына әсер етті ме деп сұрады.

Асқар Мұстабековтің айтуынша, бүгінде Қорғаныс министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес мерзімді қызметтегі сарбаздарға смартфон қолдануға рұқсат етілген. Бұл олардың ата-аналарымен және жақындарымен тұрақты байланыста болуына мүмкіндік беріп, әскердегі үдерістердің ашықтығын арттырған.

«Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен смартфондарды пайдалануға рұқсат етілген. Соның арқасында ата-аналар мен сарбаздар күн сайын байланысып отырады. Сонымен қатар олар армия мен Қарулы күштердегі жағдайдан хабардар бола алады. Әрине, құпиялылық талаптары бар, сондықтан барлық нәрсені көрсету мүмкін емес. Белгіленген уақытта әскери қызметшілерге отбасымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесуге мүмкіндік жасалды. Бұл, ең алдымен, бөлімдердегі моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға оң әсерін тигізді», – деді вице-министр.

Осыдан кейін БАҚ өкілдері смартфон пайдалануға рұқсат беру әскердегі әлімжеттік оқиғаларының азаюына ықпал етті ме деген сұрақты нақтылады.

«Бізде әлімжеттік деген ұғым жоқ», – деп жауап берді Асқар Мұстабеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий