«Болат үшеуміз болдық»: Мәдина Ералиеваның күйеубаласы оның қалай қаза тапқанын айтты

«Болат үшеуміз болдық»: Мәдина Ералиеваның күйеубаласы оның қалай қаза тапқанын айтты
06.09.2024 11:32
0
1270
Белгілі әнші Мәдина Ералиеваның күйеубаласы Оралбай Әбдіқадыр «Астарлы ақиқат» бағдарламасында өнер иесінің өмірін қиған жол апаты туралы өз шындығын айтты. Айтуынша, қайғылы жағдай болған күні көлікте тек 3 адам отырған.
27 қарашада Қазалыдан шықтық. Оразаның бірінші күні еді. Аудан әкімінің үйіне қонаққа келіп, содан бәріміз шыққан едік. Оразада ауыз бекітетін болған соң ешкім ештеңе ішпеді. Шай ішіп, жолға шықтық. Жаңбыр жауып тұрған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді. Аудан орталығының МАИ басшысы «сен рөлге отыр» деді. Қасымда Болат (Атабаев, - ред.) пен Мәдина бар. Көлікте 3 адам болдық. Мәдина «Кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар» деді. Содан көндік. Кетерінің алдында жазған кассетасындағы әндерді қойып, қайта-қайта бізге тыңдатып отырды, - деді Оралбай Әбдіқадыр.
Оның айтуынша, көлік көктайғақта сырғанап, жолдың шетіне шығып кеткен. Ал сайға аунап кеткенде оның ішінде Мәдина Ералиева болмаған. Өйткені ол қауіпсіздік белдігін тақпапты. Оралбай Әбдіқадыр жол апатынан кейін әншінің жүрегі соғып жатқанын айтты.
Мен артқы орындықта отырдым. Сағатқа қарасам, түнгі 2:20 болыпты. Шамамен 20 шақырым жүрдік. Көліктің іші жылы, ән тыңдап отырып, көзім ілініп кетіпті. Мәдина мен Болат әңгімелесіп келе жатты. Бір кезде жолдың ойық тұсы ғой деймін, көлік дірілдеп кетті. Жерге қарасақ, шаң болып жатыр екен. Болат «Мәдина, блоктан шығарып қой, май жейді» деді. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Бір қарасақ, көлік алға кетті де, шана сияқты сай жаққа аунап түсті. Темірдің ішіне салып, біреу итеріп жіберген сияқты болды. «Мынау қашан тоқтайды?» деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады. Қарасақ, біз кетіп бара жатқан бағытпен емес, қарама-қарсы бағытқа қарап қалыппыз. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты. Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді. Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен», - дейді күйеубаласы.
Содан екеуі оның қасына жүгіріп барған. Жүрек соғысын тексеріп, одан кейін дереу жолға шығып, көлік тоқтатпақ болған.
Жолға шықсам, жасыл түсті «Жигули» кетіп бара жатыр екен. Жағдайды түсіндірдік те Мәдинаны салонға жатқыздық. Кейін Болат «Мәдина «қара» деген бір-ақ сөз айтты» деді. «Балама қара» дегені ғой. Заттардың бәрін жинадым. Сондай жазатайым жағдай болды, - деді Оралбай Әбдіқадыр.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или