"Бөлек шыққысы келді": Ақбота Керімбекова үлкен ұлының не себепті ажырасқанын ашып айтты
Танымал әнші Ақбота Керімбекова үлкен ұлының отбасылық өміріне қатысты сыр шертіп, баласы мен келінінің екі жаққа кетуіне не себеп болғанын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.
Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында өнер иесі қазіргі таңда бұрынғы келінімен байланысы үзілгенін жеткізді. Әншінің сөзінше, жас отбасының шаңырағы шайқалуына келінінің бөлек тұру туралы талабы себеп болған, алайда нағашы әжесінің бауырында өскен ұлы одан кетуге келіспеген:
«Үлкен ұлымның ажырасуының себебі — келін бөлек шыққысы келді. Ал бала апасының бауырына басқан баласы. Мен жалғыз қыз болғаннан кейін анам үлкен ұлымды бауырына басқан. Келін бөлек тұрғысы келді, бала бармаймын деді. Бәрі содан басталды. Ұлымдікі де дұрыс па деп ойлаймын. Бөлек шықсаңдар шығыңдар, ажыраспаңдар деп те айттық. Өзіңнің өміріңдегі қателіктерді балаларың жасамаса екен деп тілейсің. Оны ұғынатын, ұғынбайтын бала бар. Өздерінің таңдауы солай болды. Біз біраз тырыстық. Екі жаққа кетті, өз өмірлерін сүріп жатыр», — деді Ақбота Керімбекова.
Сонымен қатар әнші ажырасқаннан кейін баласын әкесі мен ата-әжесінен алшақтатып, көрсетпей қоятын келіншектерге ренішін білдіріп, немересін сағынатынын жасырмады:
«Қазір келініммен араласпаймын, араласқысы келмейді. Неге қазіргі жастар ажырасса баланы алып қашады? Ата-енесіне, әкесіне берсін, олар да көмектессін. Сол әулеттен туды, солардың ұрпағы. Баланы алып қашып, әкесіне, ата-апаларына көрсетпейтін қыздарды түсінбеймін... Бала тұрғанда бәрібір ол әулеттен кете алмайды. Қыздарға немерем деп қуанған ата-әжелердің жүрегін ауыртпаңдаршы дегім келеді», — деп қынжылды өнер иесі.
Сұхбат барысында Ақбота Керімбекова өзге ұлдарының жағдайына да тоқталып, екінші баласының өз отбасын өзі асырап отырғанын, ал кенже ұлының әлі кішкентай екенін, енді жетіліп келе жатқанын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар