Атырауда тәрбиешінің бүлдіршінге күш қолданғаны анықталды

Атырауда тәрбиешінің бүлдіршінге күш қолданғаны анықталды
ЖИ арқылы жасалған сурет

Атырау облысының Индер ауданында балабақша тәрбиешісінің бүлдіршінге қол көтергені бейнежазбаға түсіп қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видео «Балдәурен» балабақшасында түсірілген. Кадрлардан балалардың бірі туған күнін атап өтіп жатқанын көруге болады. Тәрбиеші бүлдіршіндерді торт қойылған үстелге жинап, шырақты үрлеуге дайындаған. Сол кезде балаларды ретке келтіремін деп бір баланың арқасынан салып қалған.

Атырау облыстық білім басқармасының мәліметінше, бұл жағдайды Индер аудандық прокуратурасы әлеуметтік желілерге жүргізген мониторинг кезінде анықтаған. Оқиға балабақшаның «Солнышко» тобында болған.

Материалдар Индер аудандық полиция бөліміне жолданып, қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп жатыр.

Облыстық білім басқармасы оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын, тексеру нәтижесі кейін хабарланатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада да балабақша тәрбиешісі бүлдіршінге қол көтерді деген күдікке ілінген еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу