«Қазақмыс» кеніштеріне жаңа техника жеткізілді: тағы 21 бұрғылау қондырғысы сатып алынбақ
«Қазақмыс» компаниялар тобы тау-кен жабдықтарын жаңарту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Жыл басынан бері кәсіпорындарға төрт жаңа бұрғылау қондырғысы жеткізілген. Ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 21 қондырғы сатып алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа техника «Жомарт», «Жыланды», «Нұрқазған» және «Батыс» кеніштеріне берілді. Кеніштердің техникалық паркі Epiroc Boomer M1 D, Sandvik DL431, DL-421 және Sandvik DS 511 маркалы бұрғылау қондырғыларымен толықты.
Компания алдағы уақытта бұрғылау және анкерлеу қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, жүк көліктері мен басқа да қосалқы техникаларды жеткізуді көздеп отыр.
Сонымен қатар қолданыстағы тау-кен жабдықтарын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері 346 бірлік техникаға ағымдағы жөндеу жасалды.
Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі Жезқазған өңірінде атқарылған. Мұнда 277 техника жөнделді. Қарағанды өңірінде – 31, Балқаш өңірінде 38 бірлік техника қалпына келтірілді.
Бағдарлама аясында тау-кен машиналарының негізгі тораптары мен агрегаттарын ауыстыруға да басымдық берілген. Қазірдің өзінде 206 торап бойынша жұмыс аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 96-ға жуық торапты жөндеу немесе ауыстыру жоспарланып отыр.
Жөндеу жұмыстары Caterpillar, Sandvik және Epiroc маркалы бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналары мен жүк көліктерін қамтиды. Атап айтқанда, жыл басынан бері екі бұрғылау каретасы қалпына келтірілген. Оның бірі – Оңтүстік Жезқазған кенішіне арналған Epiroc Boomer M1 D, екіншісі – «Жомарт» кенішіне арналған Epiroc L2D қондырғысы.
Компанияның мәліметінше, техниканы жаңарту және жөндеу жұмыстары жабдықтардың сенімділігін арттыруға, өндірістегі жоспардан тыс үзілістерді азайтуға және кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар