Болливуд фильміндегідей: Жақын құрбылар туған апалы-сіңлі болып шықты

15.09.2026 22:36 Томирис САҒЫНДЫҚ
Болливуд фильміндегідей: Жақын құрбылар туған апалы-сіңлі болып шықты
57
Фото: Reuters

Үндістанда дүниеге келіп, сәби кездерінде Нидерландтың екі отбасы асырап алған екі әйел арада жылдар өтіп, өзінің туған апалы-сіңлілі екенін кездейсоқ анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы bbc.com басылымы жазды. 

1980 жылдардың басында Мумбайдағы әртүрлі балалар үйінен асырап алынған Мина Гельтинк (43 жаста) пен Минал Тейссен (44 жаста) алғаш рет жасөспірім шағында кездескен болатын. Асырап алу агенттігі ұйымдастырған шарада бір-бірін алғаш көрген бойда екеуі де сырт келбеттері мен мінез-құлықтарындағы таңғаларлық ұқсастыққа қайран қалады.

«Сол күні жиналған балалардың бәрі бірге уақыт өткізіп, кешкі ас іштік. Достарымыз біздің бір-бірімізге қатты ұқсайтынымызды айтып, айнаға қарауды ұсынды. Айнадағы бейнеден мұрнымыздың, тіпті күлкіміздің бірдей екенін көріп, таңғалдым», – деп еске алады Мина.

Ешқандай туыстық байланыстың бар-жоғын білмесе де, екі бойжеткен сол күннен бастап өзара хат жазысып, жақын араласып кетеді. Келешекте туған бауырдай болып кететінін сезгендей, бір-біріне жазған хаттарын «Әпке» немесе «Сіңлім» деп бастауды әдетке айналдырды. Дегенмен, арада 15 жыл өткенде олардың байланысы үзіліп қалады. Минал Францияға көшіп кетсе, Мина отбасын құрып, бала тәрбиесімен айналысады.

Тек 2017 жылы Мина ДНҚ тесті туралы естіп, өз тегін тексеріп көруге бел буады. Алайда ол кезде ешқандай сәйкестік табылмайды. Кейін 2026 жылғы сәуірде Нидерландыға ата-анасына қыдырып келген Минал да ДНҚ тестін тапсырады. 20 мамырда Минаға Facebook желісі арқылы Миналдан хабарлама түседі.

«Мен қолданбаны қайта жүктеп, жүйеге кіргенде көзіме сенбедім. ДНҚ нәтижесі екеуміздің 100 пайыз туған апалы-сіңлілі екенімізді, ортақ әке-шешеден туғанымызды көрсетіп тұрды. Жүрегім қатты соғып, қуаныштан жылап жібердім. Жылдар бойы бір-бірімізді "әпке-сіңлі" деп атағанымыз тегін емес екен. ДНҚ нәтижесі түйсігіміздің алдамағанын дәлелдеді», – дейді Мина.

Тамыз айында екі бауыр арада жылдар салып қайта табысты. Бұл кездесу тебіреніске, көз жасы мен қуанышты құшақтасуға толы болды.

«Бұл кездесу жүрегіміздегі жылдар бойы өзекті өртеген бостықты толтырғандай болды. Өзімді өз үйіме қайта оралғандай сезіндім», – дейді қазір үш баланың анасы атанған Мина.

Ал Францияда екі ұлымен тұратын Минал 30 жыл бұрын танысқан жасөспірім қыздың өзінің туған сіңлісі болып шыққанына әлі де сене алар емес. Қазіргі таңда апалы-сіңлілі екеуі күн сайын дерлік хабарласып, отбасыларымен де танысып үлгерді. Тіпті жақындары олардың сөйлеу мәнері мен бас қозғалыстарының да айнымайтынын байқаған.

Ендігі жерде олар балалық шағы өткен, барлығы басталған мекен — Үндістанға бірге барып, Мумбай көшелерін бірге аралауды армандайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий