«Борат» бейнесіндегі жарнама жұрттың ашуын туғызды: қазақстандық бренд ақталуға мәжбүр болды
Қазақстандық бренд «Борат» бейнесіндегі жарнамаға қатысты сынға жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстандық ерлер киімін тігетін Shokan Suits бренді әлеуметтік желіде сынға қалған «Борат» бейнесі қолданылған жарнамалық роликті өшірді.
Желі қолданушылары брендті сынап, Бораттың образы Қазақстан мен қазақ халқына қатысты кемсітуші және қорлайтын стереотиптермен байланысты екенін атап өтті.
«Ұлттық намысты қаралым мен трендке айырбастауға болмайды. Енді үнсіз қалмай, осы әрекеттеріңіз үшін қоғам алдында ашық түсініктеме беріңіздер», – деп жазды Threads қолданушысы.
Shokan Suits өкілдері роликтің бірнеше ай бұрын жарияланғанын және қазір өшірілгенін хабарлады. Компания таратқан мәлімдемеде видеоны жариялаудағы мақсат Борат бейнесін хайп үшін пайдалану немесе Қазақстанды, қазақ халқын, оның мәдениеті мен мемлекеттік тілін құрметтемеу болмағаны айтылған.
Бренд негізін қалаушы Ұлықбек Шарипов бұл жағдайды қателік деп мойындап, TikTok желісінде роликтің әлі сақталып тұрғанын білмегенін айтты.
«Иә, бұл видео қателік болды. Біз қателігімізді мойындадық, роликті өшіріп, тиісті қорытынды жасадық. Видео ақпан айында жарияланған. Оны алғаш рет Instagram желісінен көрген бойда жарияланымды өшіруді тапсырдым. Алайда TikTok-тағы видеоны өшірмей қалғанымызды білмедім», – деп жазды Шарипов.
Ол сын-пікірлерді қабылдайтынын, алайда брендті қудалау мен бизнесті жабуға шақыруды орынсыз деп санайтынын жеткізді.
Шариповтың айтуынша, компания қазақстандық брендті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосып келеді. Сонымен қатар кәсіпкердің бастамасымен мектеп ашылған. Онда білім алатын балалардың шамамен 40 пайызы аз қамтылған отбасылардан шыққан және толық грант негізінде оқиды.
Соңғы жаңалықтар