Бухгалтер мемлекеттік кәсіпорын ақшасын бәске тігіп жіберген
Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорындардың бірінің есепшісі 118 млн теңгені бәске тіккен, деп хабарлайды Politico.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, ол ұрланған ақшаға көлік сатып алған.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, лудоманияға шалдыққан кәсіпорынның бухгалтері компания қаражатын заңсыз пайдаланып, оларды «1XBet» букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Мемлекетке келтірілген жалпы залал 118 миллион теңгені құрады.
Бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде заңсыз иемдену фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. Айыпталушы тергеу изоляторына қамалып, көлікке тыйым салынды.
Еске сала кетсек, 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында прокуратура органдарының қадағалау актісі негізінде букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысқаны үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері жұмыстан босатылған.
Соңғы жаңалықтар