Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Тоқаевпен кездесті

Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше құрметтің белгісі ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін табыс етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
Ақордада өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Чунгвон Чоуды әлемде таеквондоны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Кездесу елордада өтетін G1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі қарсаңында өтті.
Мемлекет басшысы таеквондоның үйлесім, тәртіп және өзара құрметке негізделген философия екенін атап өтті. Ол елордада өтетін турнир отандық спортшылардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жол ашатынына сенім білдірді. Чунгвон Чоу Президентке қонақжайлығы үшін алғыс айтып, Қазақстандағы таеквондоның даму деңгейін және қазақ спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Президент жаттығу тақтайшасына қолтаңба қалдырды. Сондай-ақ Чунгвон Чоудың өтінішімен таеквондо дәстүріне сай тақтайды сындырды.
Соңғы жаңалықтар





